Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

ҰБТ-да жемқорлық тәуекелдеріне жол берілмеу үшін

Ағымдағы жылғы 13 мамырда Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Білім саласындағы бақылау департаментімен бірлесіп, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ қабырғасында ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру кезінде жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөнінде ведомствоаралық семинар-кеңес өткізді.

Кеңеске ҰБТ-ның 8 қосыны мемлекеттік комиссияларының мүшелері, облыстық, Петропавл қ. білім бөлімдерінің басшылары, Ішкі істер департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті, қоғамдық ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесуді ашқан Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ж.Ж. Жұмабаев ұлттық бірыңғай тестілеудің білім саласында маңызды үрдіс екендігін айтып, тестілеу барысында мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік комиссия мүшелерінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне, мүдделер қақтығысына жол бермеулеріне ерекше назар аударды.

Білім саласындағы бақылау департаментінің жетекшісі Е.С. Әбілдинов Солүстік Қазақстан облысында өткізілген ҰБТ-ның соңғы үш жылдағы көрсеткіштеріне тоқталды.

Сондай-ақ ол 2016 жылы өткізілетін тестілеудегі бақылаудың күшейтілетіндігін атап өтті. Е.С. Әбілдиновтың мәлімдеуінше ұялы телефон, фотоаппарат, шпаргалка, калькулятор, радио таратқышпен ұсталған түлектер аудиториядан шығарылатын болады.

Кездесуде мемлекеттік комиссиялар мүшелеріне ҰБТ-ны өткізу ережелері, олардың құқықтары мен міндеттері таныстырылды.

Облыстық білім басқармасының басшысы, мемлекеттік комиссия мүшесі Ш.Т. Каринова, облыс аумағында жүргізіліп жатқан ҰБТ-ға дайындық, түсіндірме жұмыстары туралы баяндады.

Кеңесте мемлекеттік комиссия төрағаларының да баяндамалары тыңдалып, туындаған мәселелерді уақытылы шешу жөнінде бірқатар тапсырмалар берілді.

Кездесу соңында ұйымдастырушылар кезекті рет комиссия мүшелеріне ҰБТ-ның нормативтік құжаттарымен мұқият танысуларын және эмтихандарды заңнама талаптарына сәйкес өткізулерін өтінді.

 
0
0
587

Осы тақырып бойынша

ҰБТ-да жемқорлық тәуекелдеріне жол берілмеу үшін - Yvision.kz