ҰБТ-2017 қорытындысы туралы
20-27 маусым аралығында орта мектеп бітірген 92 827 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) тапсырды.
Ең жоғары балды (140-тан 139 балл) Алматы қаласындағы “М.Мақатаев атындағы №140 гимназия” КММ түлегі Тасан Саят Елтайұлы жинады. Жеті бала 138 балдан жинады. 74 517 мектеп бітіруші шекті 50 балды жинады:
- 5 935 адам 60-65 балл алды (7,9%);
- 52 717 адам — 66-119 балл (70,7%);
- 5 064 адам — 120-139 балл (6,8%).
14 066 түлек бұл межеден өте алмады.
Мұндай ауқымды шара тәжірибелі ұйымдастырушылардың жұмылуы арқасында өтті деуге болады, ұйымдастырушылардың алдындағы маңызды да күрделі міндет ҰБТ-ға қатысатын түлектер мен оқытушыларға барлық жағдайды жасау болатын.
Тест тапсыру үшін бүкіл ел көлемінде 165 тест өткізетін арнайы орын бекітіліп, олар заманауи құрал-жабдықпен жасақталды. Мұндай тест өткізу бекеттеріне кондиционерлер орнатылды, медициналық көмек (соның ішінде психологиялық қолдау) көрсететін пункттер жұмыс істеп, қауіпсіздік қызметкерлері кезекшілік етті. 35 000-нан астам бала тест өткізу бекетіне дейін жеткізіліп, тамақпен қамтамасыз етілді, ал 11 000 балаға жатын орын да бөлінді.
Тестілеуге қатысуға 10-11 сынып бітіретін 92 827 бала өтініш білдірсе, солардың 88 583-і оны тапсырды: 67 627 — қазақ тілінде, 20 968 — орыс тілінде.
Тестілеуге дайындық және оны өткізу жұмысын ұйымдастыру үшін аймақтарға Білім және ғылым министрлігінің 1815 өкілі жіберілді, олар: жоғары оқу орындарының оқытушы профессорлары (75%) және колледж қызметкерлері (25%). Бақылау және қадағалау үшін мемлекеттік комиссиялар құрылды. Барлығы 965 адам жұмылған мұндай комиссия құрамына білім беру ұйымдарының басшылары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері енді.
2017 жылы алғаш рет ҰБТ өтетін бекеттерден онлайн-трансляция жасайтын қызмет іске қосылды. Тест барысын Қазақстанның кез келген түкпірінен қадағалап отыру мүмкіндігі қарастырылды. Бұл жаңалық тәртіп бұзушылықтың айтарлықтай азаюына себеп болғанын да атап айтқан жөн.
Тәртіп бұзушылық туралы айтар болсақ:
ҰБТ өткізу тәртібін бұзғаны және тыйым салынған заттарды пайдаланғаны үшін 12 адам залдан шығарылды;
85 446 тыйым салынған зат тәркіленді: 43 394 электронды құрылғы (смартфондар, роутерлер, модемдер) және 42 052 қағаз түріндегі заттар (шпаргалкалар, кітаптар).
Жергілікті апелляция комиссиясының құрамына 3 300 жетекші мұғалім кірсе, республикалық комиссия 54 адамнан тұрды. Республикалық комиссияға тест тапсырмаларының мазмұнына қатысты 199 шағым келіп түсті (оның 103-і қанағаттандырылды) және техникалық аспектімен байланысты 12 шағым болды (оның 7-еуі қанағаттандырылды).
Қорыта айтқанда, 2017 жылғы ҰБТ қалыпты жағдайда, ешқандай оқыс оқиғасыз өтті деуге толық негіз бар, ал тестілеудің жаңа форматын көпшілік жақсы қабылдады.




