Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Брифингте ҚР Президенті жанындағы МБА БҚОФ жұмысының қорытындысы тыңдалды

2019 жылдың 14 ақпанда Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Акадмиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Ж.Қ.Даухариннің қатысуымен БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізілді.

Брифинг барысында спикер 2018 жылы атқарылған жұмыстары мен ағымдағы жылдың жоспарымен таныстырды.

Жанболат Даухарин өз сөзінде филиалдың жұмысы облыс әкімдігімен келісіп бекітілген жоспар-кестеге сәйкес жүргізілетіндігін атап өтті.

2018 жылы барлығы 1761 адам оқыған, оның ішінде 1513-і мемлекеттік қызметшілері болса, қалған 248-і азаматтық қызметкерлер.

Жыл «Мүгедектермен қарым-қатынас жасайтын мамандардың біліктілігін арттыру» тақырыбындағы көшпелі семинарлар жұмысымен басталды. Бұл семинар мемлекеттік қыметшілермен бірге азаматтық қызметшілер үшін де ұйымдастырылды. Семинарда барлығы 200 мемлекеттік қызметші, 209 азаматтық қызметші оқытылды.

Академия магистратурасы мен докторантурасына түсу үшін Филиал APTIS бағдарламасы бойынша 40 сағаттық тегін ағылшын тілі курсын өткізді. Аталған бағдарлама бойынша филиал 8 мемлекеттік қызметшіні дайындап, олардың үшеуі емтиханнан өтті, алайда әңгімелесуден тек бір мемлекеттік қызметші - Байболатова Гүлжанат өтіп, «Экономика» мамандығы бойынша магистратураға түсті.

Филиал қызметі, әрине, Жоспар-кесте бойынша семинарлар ұйымдастырумен шектеліп қана қоймайды. Біз мемлекеттік органдар мен бірлестіктер өткізетін іс-шараларға белсене қатыса отырып, олармен әріптестік байланыс орнатамыз.

«Нұр Отан» партиясының жастар қанаты белсенділері үшін «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, «КазИИТУ» ғылыми білім кешенінің құрылтайшысы және Президенті, техника ғылымдарының кандидаты, ҚР ИҒА академигі – А.С.Әйтімовпен «сұрақ-жауап» форматында кездесу ұйымдастырылды. Аталған кездесу «Адаптация в современном мире или со скоростью света» тренингімен аяқталды. Тренері - «speaker coordinator» және форум, конференция,семинар ұйымдастырушысы, ҚР МБА БИ аға оқытушысы Ж.А.Бекмұрзаева.

Сәуір айынан бастап Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментімен бірлесе отырып, «Көзқарас» дебат клубы жұмысын бастады. Клуб жұмысының мақсаты мен міндеттері іскери байланыс тиімділігін арттыру, жұртшылықты, оқу орындарының белсенділерін мемлекеттік қызмет жүйесінің негізгі түсініктерімен таныстыру, жастарды қоғамдық пікір білдіруге тарту және жастардың мемлекеттік қызметшілермен тығыз серіктестік қарым-қатынасын орнату.

«Өзіңнен баста!»жобасының аясында (М.Өтемісов атындағы БҚМУ және Жәңгір хан атындағы БҚАТУ студенттері командаларының қатысуымен) «Дебат өнері және саяси формат» дебат турнирі ұйымдастырылып өткізілді.

Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментімен бірлесе отырып «Жаңа Талап» мемлекеттік қызмет мектебі ашылды. Қазіргі таңда 33 тыңдаушымен жұмыс жүргізіліп жатыр.

Филиал мен «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының арасында Меморандумға қол қойылды. Осының негізінде біріккен семинар-тренингтер мен жобалар ұйымдастырылып өткізілді.

Мемлекеттік қызметшілерді оқыту процесін ұдайы жетілдіріп отыру академия құрған филиалдардың басты мақсаты. Осы мақсатпен Тәлімгерлер гильдиясы құрылды. Оның міндеті Филиал оқытушыларының әзірлеген курстарын бағалау және оларға талдау жұмыстарын жүргізу. Материалды жаңа форматта беруге кеңес беру, сондай-ақ шеберлік кластарын өткізу, тәлімгерлер ұсынған арнайы әдебиеттердің тақырыптары мен әдістемесі бойынша талқылау жұмыстарын және басқа да оқыту сапасын арттыруға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру.

2018 жылдың маусымында Филиалымыздың базасында Академияның Батыс Қазақстан аймағындағы филалдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, оқыту сапасын көтеру мақсатында кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында ортақ мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту шеңберіндегі ынтымақтастық бағыттары мен бірлескен іс-шаралар ортаға салынды. Аталған кездесуде жобалық басқару шеңберінде жүргізілетін филалдардың қызметі басты мәселе ретінде талқыланды.

Сонымен бірге ынтымақтастық шеңберінде басқа филиалдармен онлайн дәрістер өткізілді.

«Әкім сағаты» жобасын жүзеге асырдық. Жоба мақсаты – жас мемлекеттік қызметшілердің жеке басының және кәсіби құзыретін көтеру.

Филиал Казталов әкімінің пәрменімен екі көшпелі семинар ұйымдастырды. Біріншісі – мемлекеттік қызметшілер үшін жобалық бақару, екіншісі - 4К моделі: азаматтық қызметшілер, яғни мектеп директорлары үшін сыни ойлау өлшемі, креативтілік, коммуникация, кооперация бойынша болды.

Аудандық деңгейдегі қала, ауыл және кент әкімдері үшін ұйымдастырылған «Аймақты дамыту үшін жергілікті өзін өзі басқару жүйесін трансформациялау» семинары өткізілді. Тыңдаушылар семинар бағдарламасының бірінші модулі бойынша бюджет процесіне, коммуналдық меншікті басқаруға, салық салу, әкімшілік айыппұлдар мен мемлекеттік сатып алу мәселелеріне қатысты өздеріне қажетті білім жиынтығы мен теориялық тәсілдерді алды. Екінші модуль бойынша жобалық басқару негіздерімен танысты, жобалар әзірлеп оларды қорғады. Өткізілген семинардың нәтижесінде сол аймақта жобалар іске асырылып жатыр. Аталған семнар шеңберінде Бәйтерек ауданы Щапов ауылдық округі әкімінің пәрменімен жобаны жүзеге асыру мақсатында көшпелі кеңес ұйымдастырылды.

Филиал Саратов қаласында РХШ және МБА филиалы - П.А.Столыпин атындағы басқару институтымен келісімге қол қойды. Кездесу барысында іс-шаралар жоспары әзірленіп, серіктестік қарым-қатынасты нығайтудың негізгі жолдары, соның ішінде филиалдар арасында тыңдаушыларды, оқытушы-профессорлар құрамы тағылымдамаларын алмастыруды ұйымдастыру, қосымша кәсіби білім беру бағдарламаларын бірігіп әзірлеу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын бірігіп жүргізу мәселелері талқыланды.

0
0
528

Осы тақырып бойынша

Брифингте ҚР Президенті жанындағы МБА БҚОФ жұмысының қорытындысы тыңдалды - Yvision.kz