Бой түзейміз деп ой түзей алмай қалмайық...

Әрқайсымыз да өмір сүріп отырған қоғамымызда болып жатқан құбылыстар мен оқиғаларға өзімізше пікір білдіріп жатамыз. Сан түрлі ойлар ортаға түскеннен соң, қоғамдық пікір қалыптасады, тұжырым жасалатыны бар.
Бірақ, қазіргі таңда ақпараттанудың оқ бойы озық болғаны соншалықты, әлеуметтік желілерде өзінің «адами» пікір білдіруінің жөні осы екен деп, көшеден бір олқылықты байқап қалса, дереу смартфонына қол жүгіртіп, оны видеоға түсіріп ала қоятын, әлеуметтік желідегі түрлі ой таластыратын парақшалар мен форумдарға салып жіберетін «желі белсенділерінің» де қарасы көбейіп бара жатқандай.
Әрине, қоғамдағы жағдайларға бей-жай қарамаған дұрыс - ақ. Бірақ, әр нәрсенің шегінің болатыны секілді, әлеуметтік желі қолданушысының да өзіндік әдебі болуы керек емес пе?!
Яғни, түрлі видеоны жүктеу арқылы, бас ауыртқан мәселені өзі жете түсінбесе де , парақшасына салу дағдыға айналады. Себебі, лайк жинайды, контент көбейтеді, ел назарын өзіңе аудартқысы келіп, көптеген пікірімен бөліседі, сөйтіп, лезде әлеуметтік желі жұлдызына айналып шыға келеді.
Өз қаламыз Семейде де жоғарыда айтылған мәселелер көбейіп бара жатқандай. Қаланың жолдарын айтып бір шулаймыз, тазалығын айтып екі..... Әлеуметтік желінің де көмекке келер тұсы осы. Кәсіби журналистермен жағаласып, «видеоблогерлеріміз» де жаздың басталғанына орай, қаламыздағы жағажайдың бүгінгі жағдайының мәз емес екендігін алға тартса, бір белсенді базар маңындағы «мусордың» тазаланбағандығын жазып, суретке түсірген.
Әрине, бұл жайттардың проблемалық екендігі түсінікті. Тіпті Семей қаласының тұрғыны ретінде қала экологиясына алаңдауы орынды. Бірақ, дереу телефонға түсіргенше, неліктен тиісті орындарға шағымданбасқа?! Әр адам өз өмірінің қожасы десек, әр адам өзін тәрбиелеу жолында айнаға қарағандай, ең алдымен өз кемшіліктерін көре білуі тиіс. Яғни, біз сол «мусорды» түсіреміз, ал өзіміз қаншалықты тазалықты қадағалап жүрміз? Қаланың ластануыңа сенің де, оның да, менің де үлесіміз жоқ деп сенімді түрде айта аламыз ба?!
Шын сөзге келгенде, қаламыздың дамуы мен оңалуы тек қана әлеуметтік желіде «резонанс» тудырып, пікір таластырумен шектелмейді, әсерін берсе де, толыққанды өзгеруіне жол бермейді. Шынайы тұрғыда жанашыр адам болатын болса, «ауызбен орақ ормай ақ», арық сөйлеп семіз шығады, ауыз өзімдікі екен деп бәріне бірдей сын айтпайды. Сондықтан, әр адам әділдікке қол жеткізгісі келсе, оның бастауы-өзі.


