Болат Салтуреев: Қазақстанның туризм саласын дамытамын!
Болат Салтуреев биыл BBM Group компаниясын ашты. Жанына Мади Нұрғалин, Еркін Исатаев, Абылай Сейтхожин есімді білімді жастарды жинап, жұмысты бастап кетті. Алғашқы жоба – Қазақстандағы жеті сиқырлы қонақүй. Тақырыбы – Марстағы капсулалар. Болаттың айтуынша, бұл жобаға инвестор табылса, елімізде туристерге қолжетімді бағада 5 жұлдызды қонақ үй сервисін ұсынуға мүмкіндік туады.
Жеке бизнес ашуды біраз жыл бұрын ойлап жүргенмін. Биылғы карантин көп нәрсені өзгертті. Ойымда жүрген жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік болды. Барлық мемлекет шекарасын жауып жатқанын көріп, “ішкі туризмді қалай дамытуға болады?” деген сауалға жауап іздедік. Ақыры қонақүй жобасын жасадық. Бір-біріне ұқсамайтын жазық далада, тауда, суда, орманда туристерді қабылдайтын жеті түрлі қонақүй болады. Мақсатымыз жүзеге асса, Бурабайда, Маңғыстау үстіртінде, Каспий жағалауында, Таразда осындай ерекше нысандар құрамыз, – дейді Болат.
Кәсіпкердің айтуынша, Алматының көрікті жерлері жетерлік. Соның бірі – Шарын шатқалы. Оған жақын жерде Қайыңды, Көлсай, Алтынемел, Ыстық су, Қорғас бар. Бұл жерлерге демалушылар өте көп келеді.
Шарынға бара жатып, жол жиегіндегі дәретхананы, шашылып жатқан қоқысты көріп, жүрегің ауырады. Адамдар демалуға келіп, жеген тамақ қалдығын қалдырып, жинастыруға ерінетіні өкінішті. Бізде әлі табиғатқа құрметпен қарау қалыптаспаған. Экологияға зиян келтірмеу, айналаны ластауға жол бермеу үшін жақсы демалыс орындарын салуды дұрыс деп есептеймін. Шарын шатқалының маңына Қазақстанда жоқ ерекше қонақүй салуды армандаймыз. Басты мақсат – Қазақстанның көрікті жерлерін дүниежүзіне таныту, туризмді дамыту, – дейді жоба авторы.
Болат келешекте бұдан да ерекше қонақүй жобасын жасауды армандайды. Ол Алматыдағы Құрылыс және менеджмент колледжін бітірген. Кейін Малайзияның Лимкокуинг университетіне оқуға түседі. Айтуынша, жоба жасауда колледжде алған білімі мен Малайзиядағы жинаған тәжірибесі көп көмектескен.
Жобаның ерекшелігі – құрылыс жобасының өлшемі әлемдік стандарттан ауытқымай сызылады. Айтуынша, кішігірім құрылыс нысанының жобасын жасауға екі апта уақыт кетеді. Әуелі қағазға өлшемін сызады. Кейін компьютерде арнайы бағдарламамен өңдейді. Одан кейін Дубайдағы немесе Мәскеудегі бас архитектор тексереді. Содан кейін нысанның құрылысы жүргізіледі.
Кішігірім нысандардың жобасын сызып жүре беруге болатын еді. Бірақ ірі жобаларды жүзеге асырғым келді. Болашақта жасаған жобаларымыз жүзеге асса, туризмнің дамуына үлкен үлес болады, – дейді архитектор.
