Болашағымыз бірлікте!

Қазақстан жүзден астам диаспораның өкілдері өмір сүретін көп ұлтты мемлекет. Сондықтан, елдің береке-бірлігі, татулығы мен сыйластығы ең бірінші орында. Оны Елбасымыз да жиі айтып келеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бір сөзінде: Ортақ ордамыз Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру елдің мақсат. Сонда ғана Қазақстан «2050-Стратегиясында» айтылған үздік 30 елдің қатарынан табылады. Біздің Отанымыз Ортақ, тілегіміз бір. Ол жері гүлденгенде, елі түрленген, дамуы жедел, ұрпағы кемел Мәңгілік Қазақстан» - деп айтып еді.
Елбасымыздың бұл ұраны барша қазақстандықтардың жүрегінен мәңгілік жол тауып, еліміздегі барлық ұлттың өкілдері ортақ үйіміз болған Қазақ мемлекетін дамыту жолында жұмылуда. Әрбір азамат осы алып ақ орданың уығы болып шаншылып, керегесі болып қалануда. Тағы бірі сырттан кіретін қандай жауға да намысымызды таптатпас қалқаны болып қарсы тұруға, енді бірі кез-келген дұшпанды кесіп түсер қылышы болып жарқылдауға дайын тұр. Бұл еліміздегі тілі бөлек болса да тілегі бір, діні бөлек болса да жүрегі бір соққан көп ұлттың өкілдерін бір ортаға шоғырландыра білген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі. Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген ұлағатты өсиеті бар. Біздің қазақстандықтар да осы бір нақылды жүректеріне мықтап түйіп алғандай. Өйткені, еліміздің кез-келген азаматы ұлт көшбасшысының салып келе жатқан сара жолынан таймай, береке-бірліктің, татулық пен тұрақтылықтың ұйытқысы болуда.
Бұл жерде Қазақстан халқы Ассамблеясы өте үлкен жұмыс жүргізіп, нәтижелі іс тындыруда. Естеріңізге салар болсақ бұл ұйым Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 1 наурыздағы Жарлығына сәйкес құрылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру жөніндегі бастаманы алғаш 1992 жылы ел Тәуелсіздігінің бір жылдығына орай өткен ең алғашқы форумда айтқан еді. Ассамблея дүниеге келгелі 22 жылдай уақыт болды. Осы жылдар ішінде аталған институт қарқынды дамып, көптеген өзгерістерді бастан өткізді. Соғын сәйкес ұлтаралық тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің нығаюы жолында үлкен міндеттерді атқарып, қазақ халқының салт-дәстүрін, өнері мен мәдениетін әлемдік деңгейге насихаттады. Көптеген өзге ұлттың азаматтары қазақ мәдениеті мен салт-санасын қанына сіңіріп, тіліміз бен дінімізді өз бойына тұмар етті. Мәселен, белгілі ақын, жазушы Герольд Белгер, қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асылы Осыман сынды отандастарымыз қазақтың тілін, мәдениетін, руханиятын дамыту жолында тер төксе, Максим, Мая, Ирина секілді журналистер еліміздің қазақ тілді БАҚ саласында аянбай еңбек етуде. Бұл аталған азаматтар ұлты басқа болса да қазақ тілін еркін меңгеріп, көпке үлгі болғандардың ең танымалы. Иә, бұлардан басқа да мыңдаған өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде сөйлеп жүр.
Енді Қазақстан халқы Ассамблеясының Павлодар облысындағы филиалының жұмысына қысқаша тоқталып өтейік. Облыстық Ассамблеяның жанында бүгінде 20-дан астам этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Онда әрбір ұлт өздерінің тілі мен салт-дәстүрлерін насихаттауда. Сонымен қатар, қазақ мәдениетін, өнерін және ертеден жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүрлерімізді жастар санасына сіңіру бағытында «Нұр Ана» бірлестігі жұмыс істейді. Оның құрамындағы әжелер тобы әрбір мереке сайын қазақтың тұсау кесер, келін түсу, қыз ұзату, беташар, балаға ат қою, шілдехана, тілашар секілді ұлттық дәстүрлі мерекелерімізді көрсетіп, ұмыт болған құндылықтарымызды қайта жаңғыртуда.
Ұлтаралық бірлікті нығайтып, қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың бір жолы – мерекелерді ұлттық нақышқа сай атап өту. Мәселен, мамыр айында тойланатын Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Павлодар қаласының белсенділері қазақстандық көгілдір түсті Жеңіс лентасын тарату акцияларын ұйымдастырып, мыңдаған лента тұрғындарға тегін берілді. Бұл дегеніміз жастардың санасына отансүйгішті, отаншылдықты сіңіру болып табылады. Қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың тағы бір жолы – қала, аудан, ауыл және көше атауларын өзгерту барысында облысымыздың тұрғындарына дұрыс ақпараттық алаң орнату. Облыс әкімі Болат Бақауовтың биылғы есеп беру кездесуінде облыстың Құрметті азаматы Евгений Назаров Кутузов көшесінің атауын өзгертіп, еліміздің егемендігіне, Тәуелсіздігіне сай есім беруді ұсынған болатын. Мұны павлодарлықтар өте белсенді түрде қолдап, Тәуелсіздік, Астана және т.б. деген атауларды ұсынып жатты.
Осылардың барлығы, Павлодар облысы тұрғындарында патриоттық пен толлеранттылық сезімдерінің жоғары тұрғандығын аңғартады.
Жоғарыда атап өткендей қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлттың өкілдері Павлодар өңірінде де баршылық. Солардың бірі - Владимир Шнайдер. Ұлты өзге болса да қазақ тілін өз қалауымен үйреніп, шәкірт тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаз. Сонымен қатар, Максим Споткай, Алексей Лодочников секілді жастарымыз да көпке үлгі өнеге көрсетуде. Біріншісі әртүрлі қоғамдық шараларға қатысып, қазақ руханиятының дамуына өзіндік үлесін қосса, екіншісі болашақ мамандығы ретінде дәстүрлі ән өнерін таңдап, ұлттық өнерді насихаттамақшы. Ал, облысқа белгілі журналист Марина Сахарова да жастайынан қазақ ортада өсіп, қазақ тілін еркін меңгерген. Қазақтың менталитетін, мінез-құлқын бойына сіңірді. Бүгінде ол жұртпен көгілдір экран арқылы тілдесіп, қазақтың құнарлы да бай тілін телеарна арқылы насихаттауда. Бұлардың барлығының көздегені – өздерінің ғана емес, Қазақстанның мүддесі. Басты мақсаттары - Елімізді тұрақты дамытып, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіргізу. Сонымен қатар, жергілікті қазақ ұлт өкілдерімен тығыз байланыс жасап, мәңгілік татулықтың туын желбірету.
Біздің елдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы - Қазақстан халқының ортақ тарихы. Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы Дала көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айнала білді. «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады», деген дана бабаларымыз. Сондықтан да атқаратын игілікті істеріміз халқымыздың болашағын бірлігіміз бен берік етсін.
