Болашақ офицерлерге келесі оқу жылынан бастап «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» пәні оқытылатын болады

Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мамандары «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» пәнін талқылау жөніндегі кезекті кездесуін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери институтында өткізді.
Мекеменің оқытушылар құрамы мен курсанттары қатысқан кездесу барысында жемқорлық сипаттарының алдын алу бойынша 2015-2016 оқу жылына арналған іс-шаралар жоспарының жүзеге асырылуы жөніндегі өзекті мәселелер қаралып, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» пәнінің тұсауы кесілді.

Аталмыш пәнді оқыту мәселелері, сонымен қатар курсанттар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан тәрбие жұмыстары туралы институттың офицерлері Б.Т. Қожахметов, М.А. Шапашев баяндап берді.
Арнайы курстың ерекшеліктеріне Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Нұрлан Серікұлы Жахин тереңірек тоқталып өтті.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы тақырыптарды білім беру мекемелерінің барлық деңгейлерінде енгізу бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Соның бір айқын дәлелі – «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» пәнінің республикамыздың барлық жоғары оқу орындарында енгізілуі. Бұл жастар арасында жемқорлыққа қарсы дүниетанымды арттыруда тиімді тәсіл болып табылады», - деді Н.С. Жахин.

Кездесу қорытындысы бойынша курсанттардың 2016-2017 оқу жылында арнайы курстарға таңдау жасаулары үшін институттың профессорлық-оқытушылар қауымына тиісті жұмыстарды атқару қажеттігі жөнінде ұсыныс жасалды.
