Блогосфераға ережелер қажет пе?
Сіз блог жүргізесіз/күнде оқисыз және сондағы жазбаларға пікір қалдырасыз. Ал блогтарға байланысты [жария емес] ережелерге бағынасыз ба? Мүмкін осының бәрі тек бос әурешілдік? Бүгінгі күнде кәсіби блогшылардың көбісі өз веб-беттері үшін арнайы «кодекс» жасады. Оны жария етпесе де, әр кез ойыларында сақтайды. Себебі, Блогосфера да қоғамның бір түрі, оған да кейде тәртіп қажет.
Негізгі ережелер төмендегідей:
Сілтемелер - Жазбаңызда біреудің материалын жариялайтын болсаңыз, ақпарат көзіне сілтеме жасауға ұмытпау. Онсыз да түсінікті, бірақ.... беделіңізді түсірмеу үшін, жадыңызда жүрсін. Кейін сіздің блог жазбаңызды біреу жарияласа немесе үзіндісін ғана алып, авторына сілтеме жасаса, марқайып қаласыз.
- Сілтемелер түрлі акциялар мен эстафеталар өткен кезде де жасалынады. Мысалы, эстафетаны сізге кім берді және сіз оны кімге тапсырдыңыз.

Контент
- Мақалаға түрлі суреттер мен видеоны көптеп жариялаған кезде лимиті немесе баяу интернеті бар адамдар жайында ойлау керек. Медианы катқа жіберіңіз, ал фотоларыңыз тым көп болса, фотохостингіңізге сілтеме берген жақсы.
- Сауатты жазу. Бұл жағынан өзім әлі талпыныс үстіндемін. Бірақ пікір не пост жазған кезде оны бірнеше рет оқып, содан кейін ғана «жариялау» түймесін басамын. Қателерді минимумға жеткізуге (соған қарамастан, әр блогшының өзіндік минимумы болады) тырысыңыз.
- Бейәдеп сөздер жайында. Блогта оларды қолданасыз ба, әлде жоқ па, бұл өз еркіңізде. Бірақ оқырмандарыңыз «ондай сөздерді» қалай қабылдайды, жазбаларыңыз дәл солар үшін жазылады емес пе? Мысалы, орыс блогосферасында белгілі Лебедев пен Давыдовты танымал еткен бейәдеп сөздер емес, яғни мәселе басқада.
- Оффтоп. Пікіріңіз жазбаға байланысты болған дұрыс. Қалғаны жеке диалогтарда.
- Арсыздық. Авторға деген құрмет болу қажет. Оны жек көрсеңіз де, тек әділ сын жазу - саналы адамның «парызы». Егер де блогыңызға жамандау, балағаттау, жеке басқа қатысты нәрселер жазылса, мүмкіндігіңіз болса, осы қолданушыға бан қойып немесе сөз жарыстырмай-ақ жауап бермеген дұрыс.
- Сонымен қатар, кейде блогосфераға жаңа келген блогшылар мынадай сұрақ қояды: «Барлық пікірлерге жауап беру қажет пе?»
Әрине, жоқ! Бірақ салмақты пікір немесе сұрақтарға жауап беруді ұмытпаңыз. Бұл толық тізім емес, себебі әр блогшының өзі жасаған ережелер мен жеке «заңдары» болуы ықтимал. Ал кейбіреулері оларға мүлдем бағынғысы келмейді, бірақ бүгінгі күннің талабы жоғарғыдай болып тұрған секілді...
