«Біздің үміткер» айдарында – Қалиев Есентай Ғиниятұлы
«Біздің үміткер» айдарында – Қалиев Есентай Ғиниятұлы
Ол 1963 жылы 25 қазанда қазіргі Қазталов ауданы, Жалпақтал ауылында дүниеге келген. 1981 жылы Фурманов орта мектебін аяқтағаннан кейін сол кездегі Орал ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, сол жылы қазан айында әскер қатарына алынады. Әскери борышын өтегеннен кейін 1986 жылы техникумды аяқтап, агроном мамандығын алып шыққан.
1986 жылы Фурманов №17 орта кәсіптік-техникалық училищесінің бастауыш комсомол комитетінің хатшысы болып сайланған Есентай Ғиниятұлы аталған оқу орнында оқытушылық қызмет атқарады. 1989-1994 жылдары қызметтен қол үзбестен, Орал педагогикалық институтында география пәні мұғалімі мамандығында оқыған. 1989 жылы Фурманов аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, кейін ІІІ,ІІ хатшылық қызметіне сайланған.
1992 жылы Фурманов аудандық білім бөлімінің инспекторы қызметіне тағайындалып, 1993 жылы №17 орта кәсіптік-техникалық училищесіне тәрбие жөніндегі директордың орынбасары қызметіне ауыстырылған. 1994 жылы, кейін 2001 жылы Жалпақтал ауылының әкімі болған. Сондай-ақ әр жылдары Қазталов ауданы Жалпақтал ауылы әкімінің орынбасары, Қазталов ауданы әкімінің орынбасары, К.Меңдәлиев атындағы қазақ орта мектебінің директоры, Қазталов ауданы әкімдігінің аппарат басшысы, Қазталов ауданы әкімінің орынбасары, Қазталов ауданының әкімі, БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы, облыстық мәслихат аппаратының баспасөз хатшысы, бас маманы, аппарат басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. Ал 2019 жылдан күні бүгінге дейін аппарат басшысы қызметінде. Облыстық мәслихат аппараты кәсіподақ комитетінің төрағасы.
Түрлі қызметтерді атқара жүріп, еңбегі елеусіз қалмаған Е.Қалиев ҚР Президентінің «Құрмет грамотасымен», 4 мерекелік медальмен марапатталған. 1999 жылдан бері «Nur Otan» партиясының мүшесі, 2007-2010 жылдары «Nur Otan» партиясы Қазталов аудандық филиалының төрағасы болған. Қоғамдық жұмыстардан да қалыс қалмай, ұзақ уақыт қоршаған ортаны қорғау ұйымдарымен бірлесіп, бірнеше экологиялық жобаларға қатысқан. Салауатты өмір салтын ұстанатын Есентай Ғиниятұлы 30 жылдық тарихы бар «Денсаулық» волейбол клубының белсенді мүшесі.
Отбасылы, екі қызы мен бір ұлы бар
