ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
0

«Біздің депутаттар» айдары

Құрметті достар!

Сіздерді «Біздің депутаттар» жаңа айдары арқылы ауданымыздың халық қалаулыларымен таныстыруды жалғастырамыз. Бүгінгі кейіпкеріміз – «Теректі» шаруа қожалығының басшысы, аудандық мәслихат депутаты Идиятов Сержан Серікұлы.

Сержан Серікұлы 1976 жылы 3 мамырда Жымпиты ауданы Жымпиты ауылында дүниеге келген. Ұлты қазақ. Үйленген. Екі бала тәрбиелеп отыр. 1983 жылы ата-анасымен Теректі ауданының орталығы Федоровка ауылына көшіп келген. Сол жылы Федоровка №1 жалпы орта білім беретін мектебінің табалдырығын аттап, 1993 жылы тәмамдаған. 1993-1997 жылдар аралығында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде агроном мамандығына оқып, өзіне ұнайтын ауыл шаруашылық саласының қыр-сырына қанығады.

Жоғары оқуды бітірген жас маман еңбек жолын «Арасан» ЖШС-нің менеджері (1997-1998 жылдары) болып бастайды. 2000-2001 жылдары Қапшағай қаласында ҚР Қарулы күштері қатарында әскер қатарында болып, Отан алдындағы борышын өтейді. Әскерден оралған соң, 2002 жылы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде заңгер мамандығын меңгеріп, екінші дипломын қолына алады.

Қос мамандықты қатар игерген жауапкершілігі мол маман 2002-2006 жыл аралығында «BROKER SERVIS» ЖШС кеден басқармасының маманы, кейін директор орынбасары қызметтерін атқарады. 2006-2012 жж. облыс орталығы Орал қаласында «UNIVERSAL COSTOMS SERVICES» ЖШС директоры болып жұмыс істейді. 2012 жылы балалық дәуренінің куәсі – Федоровка ауылында «Теректі» жеке шаруа қожалығын құрады.

Бүгінде Орал қаласы мен Теректі ауданында атқарылып жатқан қоғамдық іс-шараларда белсенділік танытып жүр. Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің және «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы Саяси Кеңес бюросының мүшесі. Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждің қамқорлық кеңесінің төрағасы. «Ыстық жүрек» қайырымдылық қорының негізін қалаушы. Жыл сайын облыс орталығы мен Теректі ауданында көп балалы отбасыларға, аз қамтылған жанұялар мен көмекке мұқтаж азаматтарға қолұшын береді. «Теректі – білім әлемі» атты жобасы аясында үздік шәкірттер мен ұстаздарға грант бөліп, жігерлендіріп жүр. Осы уақытқа дейін жалпы сомасы 1 200 000 теңгеге 12 грант бөлген. Сонымен қатар, Федоровка ауылындағы екі мектеп пен «Ақбота» балабақшасына, әр түрлі спорттық шараларға демеушілік көмек көрсетеді.

Теректі ауданындағы жерлестерінің игілігі үшін «Startup» бизнес жобасын ұйымдастырып, «Теректі» ШҚ меншігіндегі автобус аялдамаларындағы шағын дүкендерді ең үздік бизнес жоба иесіне тегін беріп, қолдау танытуда.

Аудан орталығында қоғамдық монша, сыйымдылығы 100 адамға арналған жабық бассейн және рестобарды қамтитын «Теректі» кешенін ашты.

«Теректінің танымал бейнелері» тақырыбымен Теректі ауданының виртуалды энциклопедиясын жинақтап жатқан Сержан Серікұлы қоғамдық жұмыстарға белсенділігі және Теректі ауданы мен облыстың дамуына қосқан үлесі үшін

«Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін», «Қазақ хандығының 550 жылдығы» медальдарымен (2015 ж.), «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен (2016 ж.), «Әуе-десант әскеріне – 90 жыл» медалімен (2020 ж.), әр жылдары Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының және Батыс Қазақстан облысының әкімі атынан Құрмет грамотасымен марапатталған. Сондай-ақ, «Үздік адамдар» энциклопедия кейіпкерінің құрмет белгісінің, «Үздік кәсіпкер – 2017», «Жомарт жүрек – 2018», «Жомарт жүрек – 2019» аталымдарының иегері. Мемлекетаралық сараптамалық кеңес президиумының ұсынысымен «Үздік адамдар» энциклопедиясы редакциясынан «Тұлға» аталымында І дәрежелі дипломды қанжығасына байлаған.

Жүрген жерінде алғыс арқалаған Сержан Серікұлының «алғыс хаттары» да өте көп.