Қымбатты менің оқырмандарым, достар!
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында "Туған жерге тағзым" атты мектеп түлектерінің форумы өткізу барысында бұдан бірнеше жылдар бұрын мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан түлектермен желі арқылы жұмыстанған болатынмын. Осы кезеңде еліміздің түкпір-түкпірінде сан түрлі қызмет атқарып жүрген мектеп түлектерінің барлығының ойы, тілегі бір арнаға тоғысатынын түсіндім. Ол туған жерінің гүлденуі, көркейіп, дамуы еді. Осы тілектер мені еліміздегі саяси додаға қатысуға алып келді. Биылғы сайлаудың жаңа форматта ұйымдастырылу кезеңінде мен өзімді қолдайтын және сенетін адамдардың көп екеніне, олардың сенімдерінің шынайлығына көзім жетті.
Сайлауға байқаушы ретінде қатысу барысында елдің ертеңіне сенетін халықтың үлкен жауапкершілікпен, өз дауысының маңызды екенін түсініп, бой көрсетуі мұның дәлелі. Нәтижесінде халық бұқарасының сол қолдау дауыстары "Nur Otan" партиясының жеңіске жетуіне мүмкіндік берді.
Бүгін менің депутаттыққа өтуімде сіздердің әрбір біреуіңіздің, "Nur Otan" партиясының жетекшілерінің, бюро мүшелерінің үлкен сенімі жатыр деп есептеймін. Халық берген сенім, аманатты үлкен жауапкершілікпен қабылдаймын.Партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруда, үгіт-насихат барысында халықтан түскен ұсыныстарды орындауда, тың жобаларды жүзеге асыруда халық пен билік арасын жақындастырып, ашық, белсенді қызмет етемін деп сендіремін. Аманат арқалаудың салмағының ауыр екенін түсінемін. Мандат мерзімі аяқталғаннан кейін де халықтың сенімінде болу басты мақсатым. Барлық қиындықтарды еңсеріп, елдің жарқын болашағында біз біргеміз!