Біз міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы не білеміз?
Қазақстанда жұмыс істейтін халыққа қолдауды Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (Қор) әлеуметтік төлемдер төлеу жолымен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі қамтамасыз етеді.
2005 жылдан бастап елімізде 6 млн. Жуық адам Қордан жалпы сомасы 905 млрд. теңгеден аса әлеуметтік төлем алды.
Қордан төлемдер жұмысқа орналасу кезінде ресми түрде еңбек шартын жасаған адамдарға ғана төленеді. Мұндай жағдайда жұмыс беруші өз қаржысы есебінен өзінің жұмыскерлері үшін Қорға ай сайынғы әлеуметтік аударымдарды төлеуге жауапты болады. Егер міндетті зейнетақы жарналары біздің ай сайынғы табысымыздан ұсталатын болса, әлеуметтік аударымдар біздің табысымыздан ұсталмайды, оны жұмыс беруші өз қаржысы есебінен төлеп отырады.
Қордан 5 түрлі әлеуметтік төлемдер төленеді: жұмысынан айырылған жағдайда, еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда, асыраушысынан айырылған жағдайда, жүктілігі мен босануына байланысты және бала бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты.
Аталған әлеуметтік төлемдерді алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының тұрғылықты жеріндегі бөлімшесіне өтініш беру қажет. Бұл ретте халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету ыңғайлы болу үшін еңбек ету қабілетінен айырылуы және асыраушысынан айырылуы секілді төлемдерді алуға біруақытта бірден екі өтінішті беру мүмкіндігі қарастырылған: бюджет қаржысы есебінен мемлекеттік жәрдемақыны және Қордан әлеуметтік төлемдерді тағайындауға. Ал бала тууына байланысты бюджеттен төленетін бірреттік жәрдемақыны алуға құжаттарды бере отырып, бірден 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша Қордан әлеуметтік төлемдер тағайындауға құжат тапсыруға болады.
Мүгедектік деңгейін анықтау үшін азамат медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне жүгінгенде, мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақы, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен арнаулы мемлекеттік жәрдемақы және Қордан еңбек ету қабілетінен айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдердің тағайындалуына біруақытта бірнеше өтініштерді жаза алады.
Жұмысынан айырылған адам Халықты жұмыспен қамту орталығының бөлімшесіне жұмыссыз ретінде тіркелу үшін жүгінген кезде сол жерде ақша қаражаттарын аудару үшін банктік есепшот нөмірі туралы мәліметтерді міндетті түрде қосымша бере отырып, Қордан жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемнің тағайындалуына да өтініш жаза алады.
Сонымен қатар, «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы жұмысынан айырылуы жағдайына және бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты табыс көзінен айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемдерді ресімдеуге болады.
Еңбек ету қабілетінен айырылуы және асыраушысынан айырылуы бойынша ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдердің сатып алу қабілеттілігін қолдау мақсатында Қор активтерінің есебінен жыл сайын төлемдердің мөлшері өсіп отыратынын да атап өту қажет.
