Биыл Қарағандыда камераның көмегімен 30 қылмыстың беті ашылды.
Биыл Қарағандыда камераның көмегімен 30 қылмыстың беті ашылды. «BNews.kz», 20.05.2014ж.
Бүгінде Қарағанды қаласында 268 бейне бақылау камералары орнатылған. Олардың көмегімен 2014 жылдың алғашқы 4 айында 30 қылмыстың беті ашылып, 3897 әкімшілік құқық бұзушылықтың алды алынған. Бұл туралы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша ведомствоаралық комиссияның отырысы барысында Қарағанды қаласы Ішкі істер басқармасының басшысы Нұрсұлтан Мұқашев мәлімдеді.
«Бүгінгі таңда Қарағанды қаласында 268 бейне бақылау камерасы бар, оның 168-і тұрғын үйлердің аулаларында орналасса, 100-і жол қиылыстары мен қоғамдық орындарда орнатылған. 37 камера оқу орындарының территориясын қамтыса, 4 камера «Шахтер» стадионының маңында орнатылған», - деді Н.Мұқашев.
Оның айтуынша, 2014 жылдың 4 айында қалалық Ішкі істер басқармасының бейне бақылау камералары арқылы 30 қылмыстың беті ашылып, 3897 әкімшілік құқық бұзушылықтың алды алынған. Алдағы уақытта тағы да 50 сандық бейне камера орнатылмақ. Замануи құрылғы бүгінгінің барлық талаптарына жауап беріп, жоғары сапалы болмақ.
Айта кетейік, жуырда Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Смағұловтың төрағалық етуімен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиын барысында қала басшысы бейне бақылау камерасының санын көбейтуді тапсырды. Қала әкімінің айтуынша, жылына 70 камера аздық етеді. Әкім комиссия мүшелеріне қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықты алдын алу бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.
