Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Біткенде жалған өмір...

Досым ау сен де өлерсің, мен де өлермін

Сен өлсең жоғың жоқтап мен келермін

Сен ауырды дегенде, жан ауырды

Алыстан сонау кеткен мен келермін.

 

Алыстан сонау кеткен мен келермін

Пұшпағын ауырыңның көтерермін

Мен біттім, қош бол досым, дегеніңде

Жер түбінен болса да жетер едім.

 

Жер түбінен болса да жетер едім

Ой-қиял, мені қайда жетеледің

Досы үшін, жанын берер аңқылдағым

Жасырып көзден жасты, жөтелермін.

 

Жасырып көзден жасты жөтелерміз

Қалғандар, қол ұстасып жетелерміз

Тірліктің бір бітпейтін тауқіметі

Қош бол деп, жөнімізбен, жөнелерміз.

 

Қош бол деп, кете барар, жөніміз бар

Ажал деген ақиқат жөнге салар

Ажалдан қашып кетер шама болмай

Бас иеміз, жол бітсе, ұзақ сонар.

 

Жолы бітер әркімнің ұзын сонар

Біреуге ұзақ біреуге шолақ болар

Бұл жалған, өмір қызық өтер кетер

Біткенде жалған деген, өмір сапар.

 

Біткенде жалған өмір мынау сапар

Өткен шақ, өттің ғой деп, ойға салар.

Қалғандар қош айтысып, сау бол десіп

Жетегінде әр ойдың кете барар.

 

Жетегінде өмірдің көшпен бірге

Гүл шоғын қоямыз да өшкендерге

Шырағымыз өшпесе, тәубе дейміз

Бас иіп, аяқ басқан, қара жерге.

 

Қара жер құдретіне бас иерміз

Бітпесе Алла берген несиеміз

Күнделікті тірліктен бас көтермей

Жоғалғанын асылдың кеш білерміз.

 

Жоғалғанын асылдың кеш білерміз...

21.11.2016

       
0
0
1552

Осы тақырып бойынша