Білімге, білікке сенетін күн туды.
Депутат деген мандатты алып жүргеніме үш жылдан асты. Абыр-сабыр әңгіме, қарбалас-қауырт тірліктер... Ең бастысы, ер боп осынау жүкті еңсергеннен кейін ел ішінде көп жүресің, ұсыныс-тілектерін құлақ түресің, қолың жетпеген жерге жазбаңды жолдайсың. Ондағы бар құзырың – халықтың мұң-мұқтажын тиісті орынға жеткізу. Істің өрге домалауына дәнекер болу – арманың. Бәлкім бұл менің ғана емес, барша осы мандатты арқалап жүрген азаматтардың мақсаты шығар. Жоғарыда атағанымдай биылғы талап басқа. Алғаш рет елімізде праймериз, партияішілік іріктеу өтпекші. Алғашында бұл сөзге аса мән бермедік. Барлап қарасақ, халықтың партиясы атанған «Nur Otan» партиясы тыңнан түрен салып жатыр. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» демей ме. Шындығы да сол, шын тұлпар аламанда сыналады. Міне, «Праймериз» деген сөздің қазақы түсінігі осы. Енді елдің партиясы елдің, жердің қамын ойлайтын ерлерінің өзін иненің жасуынан өткізбек. Сөйтіп, сөзі мен ісі, білімі мен білігі келіскен, ең бастысы, елінің шынайы патриоты бола білген азаматтар ертең елдік мүддені көшбасшы етпек. Біз де білек түре бәсеке бәсіне бел шешіп кірісіп кеттік. Мақсат біреу: орда бұзар шағымызда, халық үшін қарекет етіп, қамал алу.
Қайнар ЖҰМАҒОЖА,
Еңбекшіқазақ аудандық мәслихат депутаты
