Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Білім саласында жасырынған "Құпия"

Режиссер Ерлан Кәрібаев сахналаған спектакль ұстаз мамандығының қыр-сырын көрермен алдына паш етті.

Қойылым «STEP» деп аталатын аяқ биі арқылы ерекшеленді.Бір топ актерлердің сахнада қимылдауымен басталған көрініс көрерменді бірден қызықтырады.

Үш тілде (ағылшын тілі, орыс тілі, қазақ тілі) сабақ беруге келген оқытушылардың колледжге жұмысқа орналасуы қойылымның шиеленісуіне әкеледі. Оқу орнының тәртібіне бағына қоймаған қазақ тілі пәнінің ұстазы Арманның (рөлде Дархан Сүлейменов) жағдайы оңай болмасын көрермен бірден сезеді.

Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бермек болған оған, студенттер: “А зачем нам нужен казахский язык?”,- деп тыңдаудан бас тартады. Бұл тұстан бүгінгінің басты мәселесіне айналған мемлекеттік тілдің жағдайы қойылымға арқау болғанын байқайсыз. «Амандасып қажеті не, ол техничка ғой»- дәл осы сөз ақылы бөлімде оқитын, тек әкелерінің ақшасына сенген бай балаларының тәрбиесін режиссер көрерменге жеткізуге тырысты.

Колледж басқарып отырған директор Жаңабай Асылхановичтің (рөлде Бейбіт Камаранов) бейнесі ұстаздарды ашса- алақанында, жұмса -жұдырығында ұстайтын, тек өз пайдасын ғана ойлаған басшыларды сынағандай.

Колледж басшылығының білімге емес, ақшаға жұмыс жасайтынын көрген Арман әріптестерін әділетсіздіктен құтқармақ болып, бас көтеруге шақырады. Алайда, олар өз өкпелерін басшылыққа жеткізуден қорқады. Қарсы тұрып күресу үшін күштері жетпеген соң, өз араларында күңкілдеумен ғана шектеледі.

Бастарында құлыпталған тәж, ал оның кілті тек басшылық қолында, қағазбастылық пен әділетсіздікке бұғау болған оқытушылар сол халде дәрменсіз қала береді. Арман ұстаз қанша қаламаса да бағынады, соңында колледждегі жұмысынан шығуға тура келеді. Ал орнына көптін бірі болып, тәртіпке көнетін жас маман келеді.

Білмейтін пәндерден сабақ беру, ұстаз құқығының қорғалмауы, студенттердің тарапынан қысым бұл әр мекеменің ішінде бар құпия.

Шындықты жақтаушылар санаулы, жалғыз адам күллі қоғамды өзгерте алмайды. Ашу, сатқындық, көзбояушылық, махаббат барлығы бір ғана қойылымда ұштасып, көрерменді сендіре біледі.

«Құпия» – тығырыққа тірелген ұстаздар тағдыры арқылы көрерменнің ыстық ықыласына бөленген қойылым.

0
0
342

Осы тақырып бойынша

Білім саласында жасырынған "Құпия" - Yvision.kz