Мазмұнға өту
Обложка сообщества Әртүрлi

«Бенефис шоу» жүргізушілерімен сұхбат

«Хабар» арнасының жаңа маусымда көрерменге жол тартқан бағдарламаларының бірі «Бенефис шоу» ел арасында үлкен қолдау тауып, жақсы пікірлерге ие болуда. Осыған орай, айтулы бағдарламаның жүргізушілері жұлдызды жұп Қыдырәлі мен Қарақатпен шағын сұхбат алған едік.

Дәл осы бағдарламаны жүргізуге ұсыныс қалай түсті?

Қыдырәлі: Бізге телеарнаның басшылығы хабарласып, жаңа маусымда «Бенефис шоу» атты сазды, шоу бағдарлама түсіруді жоспарлап отырмыз. Бұл негізінен өздеріңіз сияқты өнерде жүрген, халыққа танылған жұлдыздардың өмірі мен шығармашылығына арналған жоба. Сондықтан, біз сіздерді осы бағдарламаның жүргізушілері  ретінде шақырсақ, қалай қарайсыздар деп ұсыныс айтты.

Қарақат: Шынымызды айтсақ, бір жағынан қуанып, бір жағынан ойланып та қалдық. Себебі, екеуміз де өнерде әнші ретінде танылдық. Оның үстіне бағдарлама жүргізушілері деген іліп әкетіп, кез келген сәтте қиыннан қиыстыра сөйлейтін қасиеттерге бай болуы керек дегендей. Қыдыр табиғатынан көп сөйлеуді жаратпайтын, байсалды жан ғой...

Қылырәлі: Ия, қалай десек те, өте жауапты жұмыс қой. Қарақат айтқан себептермен бірге бізге уақыт бұрыннан жетпейді өзі. Екеуміз көп ойлана келе, тәуекел, өзімізді бұл жағынан да бір сынап көрейік деп келісім бердік.

Білуімізше, сіздерді жұртшылық тұңғыш рет бағдарлама жүргізушісі ретінде көріп отыр ғой, солай ма?

Қыдырәлі: Біз өмірімізде қосылып ешқандай кешті де, бағдарламаны да жүргізіп көрмеппіз. Сен сұрағасын есіме түсіп тұр, студет кезімде алғаш рет той өткізгенім бар. Сонда ойлағам, бұл маған, менің табиғатыма келмейтін дүние екен деп. Жүргізушілігімнің басы мен соңы сол болған.

Қарақат: Дегенмен, қазақы дәстүр мен ұлттық өнердің ортасында жүрген соң, оның үстіне өзіміз күнде көріп жүрген жұлдызды жандар болған соң ба, басында сәл қиындау соққанмен, түсірілім барысында тәжірибеміз шыңдалып, әрі қарай ойдағыдай алып кеттік деп ойлаймын.

 

Бұл бағдарлама қарапайым көрермендер үшін өте қызықты. Себебі, жұлдыздардың сахнадан тыс өмірлерінен де сыр шертеді. Сіздерді де қызықтырған тосын жағдайлар болды ма?

Қарақат: Әрине. Біз бәрін білеміз, бірге жүрміз десек те, қаншама біз білмейтін құпиялардың біразы ақтарылып, беті ашылып жатты. Жеке өмірлері, жастық шақтарындағы махаббаттары, отбасылары, жалпы, тыныс-тіршіліктеріндегі «солай ме еді?» деген сияқты біраз жаңалықтарына қанықтық.

Қыдырәлі: Шын мәнінде, осы бағдарламада әріптестеріміздің өмірімен бұрынғыдан да жақынырақ білісіп жатқан жағдайымыз бар. Енді сәл жүрсек, жұлдыздарымыздың құпияларын зерттейтін маманға айналатын шығармыз.

 

Бұл бағдарлама сіздердің жаңа бір қырларыңыздан танытты деп айтуға бола ма?

Қыдырәлі: Телевизия деген өте күрделі сала. Оны бұрыннан да түрлі түсірілім барасында көріп жүрміз ғой. Дегенмен, осы «бенефис шоуда» жүргізуші болған сәтімізде одан сайын ұғындық. Біздің танымалдығымызға пәлендей даңқ қоспаса да, бізді камера алдында, халықтың алдында сенімді сөйлеуге, төзімділік, шыдамдылыққа үйретті деуге болады.

Қарақат: Ия, «Бенефис шоу» бізді әнші, продюссер, ұстаз ретінде таныған тыңдарман, көрермендерімізге тележүргізуші ретінде әйгіледі деп толық сеніммен айта аламыз. Сол үшін «Хабар» арнасына айтар алғысымыз да шексіз.

 

Енді алдағы уақытта сіздерге телеарналардан осындай ұсыныстар түссе қалай қарайсыздар?

Қарақат: Әрине, егер біздің шын мәнінде ыңғаймызға келіп жатса, неге талпынбасқа?!

Қыдырәлі: Телеарнаны қайдам, осыдан соң «Хабар» арнасының жолдамасымен той жүргізуге де  ұсыныс түсеме деп қоямын.

 

Уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергендеріңізге көп рахмет. Өнерде де, өмірде де мерейлеріңіз үстем бола берсін!

 

0
0
4887

Осы тақырып бойынша

«Бенефис шоу» жүргізушілерімен сұхбат - Yvision.kz