«Байқоңырды бердім» ДЕГЕН ПУТИН ҚАЗАҚ ЖЕРІНІҢ ҚОЖАСЫ МА ЕДІ?
Өткен аптада Ресей билігі Қазақстанға қатысты компромиске барып, Байқоңырдан бірқатар обьектілерін шығаратынын, ғарыш айлағын бірлесіп пайдаланатындарын мәлімдеді. Алайда, алпауыт державаның келісімге келіп, Қазақстанның қойған талаптарын орындағанына сенуге болады ма? «Байқоңырды бердім» деген Путиннің бұл әрекетінің салдары қандай болмақ? Осы тұста, ресейлік БАҚ-тың «Путин Байқоңырды берді» деп шуылдасқанын айта кеткен жөн, сонда Путин беретіндей Байқоңыр оның меншігі ме еді?!
Шынымен де, «Ресей Байқоңырдан кететін болды», «Ресей Қазақстан талабын орындады» деген секілді атпен шыққан мақалалар қаптап кеткенде, бір таң қалдық. Өзін әлемдік держава ретінде санайтын Ресейдің оңайлықпен Байқоңырдан шығу әрекеті бәріміз үшін күтпеген жағдай болды. Ал онда біздің биліктің қалай ғана өз «талаптарын» Ресейге орындатып жүргені тағы да құпия. Дегенмен, қол жеткізген шешімдерге тоқталсақ.
http://janaozen.net/sarapshy/bayoyrdy-berdm-degen-putin-aza-zhern-ozhasy-ma-ed.html?lang=kz
Ең алдымен, Ресейдің жалға алып отырған обьектілерін Байқоңырдан кезең-кезеңімен шығаруға қол жеткізілді. Бірінші болып «Зенит» зымыран кешені жалға алудан шығарылады. Сөйтіп, келешекте (нақты мерзімі белгісіз) Байқоңырды екі мемлекет бірлесіп қолдану жоспарлануда. Оған қоса, ресейлік мамандар біздің мамандарды оқытуды қолға алады. «Протондардың» ұшырылу саны 12-ден аспайтын болса, «Днепр» зымырандарын ұшырумен айналысатын «Космотрас» компаниясындағы қазақстандық «Ғарыш сапары» компаниясының акциялар үлесін 33,2%-ға дейін арттыра түспек. Сонымен бірге жалға алу бағасы да бұрынғы 115 млн доллардан жоғарылауы тағы мүмкін. Қалай екені белгісіз, алайда, Қазақстан тарапы өз «мақсатына» жетіп, ұлттық мүддені қорғаған кейіп көрсетті. Кейіп көрсетті дегеніміз, Ресей Байқоңырдан толығымен шыққан сәтте ғана біз ұлттық мүдденің қорғалғанын айтар едік. Сонымен қатар, «Роскосмос» басшысы Сергей Савельевтің «Ресейдің Байқоңырдан шығуы туралы ешқандай сөз жоқ, біз әріптестіктің жаңа жолдарын қарастырып жатырмыз» деген еді. Демек, бұл сөздерден кейін Ресей билігінің Байқоңырдан өзінің бірнеше обьектілерін шығарамыз деп, компромиске баруы тек алдамшы жағдай. Өйткені, компромистің артында одан да терең саясат жатқаны айдан анық сияқты. Бұған бірнеше себептер де бар.
Біріншіден, Путин ешқашан да өзінің империялық амбицияларынан бас тартпайтынын уақыт дәлелдеген сияқты. Өйткені Қазақстан мен Ресейді байланыстырып, Ресейдің отаршылдық саясатын іске асырып, жеделдетуге әсер етіп отырған обьектілердің бірі осы Байқоңыр болып табылады. Байқоңыр Ресейдің Қазақстан жерінде іс жүзінде, ресми түрде қызмет етіп жатқанын белгісі. Сондықтан осыған дейінгі Путин мен Савельевтің сөздері, Назарбаев пен Мұсабаевтың «Ресеймен өмір бақи бірге пайдаланымыз» деген сөздері бос емес. Путин Федералды қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) қызметкерлерімен өткізген кеңесте интеграциялық процестерге ешкімнің бөгет бола алмайтынын мәлімдеген болатын.
«Біз осыған дейін посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық процестерге қатысты ашық сынаған пікірлерді естідік. Бұл сөздер сол саясаткерлердің эмоционалдық риторикасы деп бағалайық. Тығыз қарым-қатынастағы интеграция бүкіләлемдік қалыпты процесс. Айқайлаумен, түрткілеумен бұл процестерді тоқтату мүмкін емес»,- деген еді В.Путин. Демек, Байқоңырдан бірқатар обьектілерін жалға алудан шығары деп қуанып, билікке рахмет айтуымыз әлі ерте.
Екіншіден, Ресейдің Байқоңырға қатысты жұмсақ мінез танытуы, компромиске баруы бұл – жақсы айла. Мұны Путин ФСБ-мен кеңесінде анық байқатты.
Путин өз сөзінде «Мұнда қысым көрсетудің әр түрлі құралдары, атап айтқанда жұмсақ күш көрсету механизмдері де қолданылады» деді. Путиннің айтып отырған жұмсақ күшіне Байқоңырға қатысты келісімдері дәлел. Шынымен де, Ресейдің басқа бір мемлекеттің талаптарын орындап, өз ұпайын жоғалтуы мүмкін емес. Байқоңырға қатысты «жұмсақтық» ертең Путин үшін негізгі «көзірге» айналуы ықтимал. Себебі, Назарбаев тарапынан интеграциялық процестерде тежелу басталды. Ал Путин мұны жою үшін Назарбаевқа Байқоңырға қатысты келісімге келіп, компромис жасағанын желеу етіп, еуразиялық интеграциялық жобаларға көндіреді. Тіпті, Байқоңырдағы келісімдердің қазақ билігі жағына ойнауы біздің биліктің де асырған қуылығы болуы әбден мүмкін. Себебі, халық алдында ұлттық мүдде қорғалды деп сабырға шақырып, үлкен интеграциялық қадамдар алдындағы дайындығы болып шығуы ғажап емес. Біздің биліктің де Еуразиялық одақтан дәмесі бар екенін, жоғарыдағылардың кеңес заманын аңсап отырғанын ескеретін болсақ, Байқоңыр оған жақсы себеп болды.
Айтпақшы, Байқоңыр дауы басылған тұста, Путин ФСБ-мен өткен кеңесте сенсациялық мәлімдеме жасады. Автократ Путин интеграциялық процестерді тоқтатпайтынымен қоса, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ФСБ қызметкерлеріне тапсыратынын айтты.
«Қауіпсіздікті қамтамасыз етуде интеграциялық процестерге түскен Беларусь пен Қазақстандағы әріптестеріңізбен байланысқа түсіп, жұмыс істеуді сұраймын», - деді Путин.
Сонымен қатар, ұлттық электрондық ресурстар мен құпия мәліметтерді хакерлік шабуылдардан сақтау үшін бірыңғай қорғаныс жүйесін жасауды тапсырды. Интеграциялық процестерге ФСБ-ның, яғни біздегі ҰҚК-нің қандай қатысы болуы мүмкін? Бұл қызмет түрлері ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз етуі тиіс емес пе? Демек, арнайы қызмет өкілдері Путиннің империялық амбицияларына қарсы шыққандарды сүзгіден өткізіп, оларды анықтап «залалсыздандырып» отырады ма? Бұл нағыз диктаторлық әрекет емес пе? путиннің ФСБ-ны интеграциялық процестерге араластыруы Қазақстан халқы үшін ескерту дабылы болуы тиіс. Өйткені, бүгіннің өзінде ҰҚК еш рұқсатсыз, заңсыз адамдарлың жеке өміріне араласып, қол сұғуда. Кез келген адамды тыңдауға алып, оның артынан аңду қойған еді. Ал ҰҚК (немесе ФСБ) интеграциялық процестерге араласуы ақылға мүлдем қонымсыз, абсурдтық әрекет емес пе?! егер ФСБ интеграцияға араласса, демек, Путин өз мақсатын іске асыру үшін Қарулы күштерін, басқа да күштік құрылымдарын пайдаланады деген сөз.
Қорыта айтқанда, Путин түрлі сылтау, әдіс-тәсілдерімен Қазақстанды интеграциялық процестердің түбіне сүйреп келеді. Қазақ билігі қауқарсыздығын (мүмкін саналы түрде) танытып, көніп келеді. Алайда, мұның бәрі халық назарында екені рас. Ендеше біздің халық қайта отарлануға жол береді ме? Кезі келгенде мұны уақыт көрсете жатар. Алайда, уақыттан ұтылып, опық жеп қалмасақ игі.
