Басты міндет – жемқорлықтың жасалуына ықпал ететін жағдайларды жою
Алматы қаласы бойынша Тәртіптік кеңестің кезекті отырысында «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС Бас директоры, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті департаментінің бөлім басшысы мен оның қызметкеріне қатысты тәртіптік істер қаралып, тиісті шешім шығарылды.
Жүргізілген қызметтік тергеу барысында, «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС Бас директорының 2013 жылдың қараша айында тұтынушылармен электр энергиясын қамтамасыз ету бойынша келісім жасасу үшін заңнамалық және техникалық құжаттар тізбесін бекіткені анықталды.
Дегенмен, ҚР Үкіметінің тиісті Қаулыларына сәйкес, «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС талап еткен құжаттарды тұтынушының ұсынуы міндетті екендігі көрсетілмеген. Оған қоса, ҚР Азаматтық Кодексінің 482 және 483 баптарына сәйкес мұндай құжаттарды тұтынушылардан талап ету қарастырылмаған. Осыған қарамастан, аталмыш мекеме тұтынушылармен келісім жасасу үшін қажетсіз құжаттарды талап етіп отырған.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті көрсететін қызметтердің заңнамаға сай жүзеге асырылып жатқандығына көз жеткізу үшін жоспардан тыс тексеріс ұйымдастырған. Тексеріс нәтижесінде, ондағы кейбір мемлекеттік қызмет түрлерінің белгіленген стандарттарға сай көрсетілмегендігі анықталды.
Тәртіптік кеңес мүшелері, нәтижесінде, «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС Бас директорына қатысты тәртіптік іс материалдарын қарастыру үшін «Самрұқ-Энерго» АҚ басшылығына жолдап тиісті шара қолдануды, және мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын бұзғаны үшін Медициналық және фармацевтикалық қызметтті бақылау комитеті Алматы қаласы бойынша департаментінің басшылығына бөлім басшысы мен қызметкеріне қатысты «Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс Кодексін» бұзғаны үшін сөгіс түрінде тәртіптік жаза белгілеуді ұсынды.

