Бас жүлде – біздікі!
Орал өңірінің тұрғындарына арналған тамаша жаңалығымыз бар, құрметті оқырмандар! Батыс Қазақстан облысының қазақ драма театры қойған «Троя арулары» атты туынды Қырымда өткен XVII «Боспорские агоны» халықаралық антикалық өнер фестивалінде жеңіспен оралды. Ұзақ уақыт бойы өткізіліп келе жатқан бұл байқауға әр жылдары ТДМ, Еуропа мемлекеттерінің түрлі театрлары қатысып, бақ сынап жүр.
Театр ұжымын жеңіс тұғырына шығарған «Троя аруларын» Орал сахнасында тараздық белгілі режиссер, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов биыл сахналаған болатын. Ақжайық көрермендердің көңіліне жол тапқан қойылым Қырым жерінде де жылы қабылданды. Фестивалге аты әлемге мәшһүр 8 театр ұжымы қатысып, бақ сынады. Қырым жерінде Алаштың атын асқақтатып, абыройын асырған БҚО қазақ драма театры ұжымы өздерінің бұл жеңісін мерейлі даталарға тартуымыз дейді.
Бәсі биік өнер фестивалінде 6 аталым жүлдесі үшін әлемнің мықты тетарлары сынға түссе, оның 3-еуі жерлестеріміздің қанжығасында. «Ең үздік режессура» аталымы – қазақ театрының досы Қуандық Қасымовта, «Ең үздік әйел бейнесі» бас кейіпкер – тұтқынға түскен Троя патшайымы - Гекуба рөлін сомдаушы Бибігүл Исалиевада.
Трагедияда Троя патшалығының құлап, оны грек жауынгерлері талан-таражға салынған кезең көрініс тапқан. Зорлық-зомбылық пен соғыс зұлматының қасіреті бейнеленген көріністер бүгінгі заманмен де үндес.
Өңір басшысы атынан оның орынбасары Бақтияр Мәкен өнер ұжымын бәсі биік жеңісімен құттықтап, алғыс хат табыс етті. Көрерменнің көңіліне жол тауып үлгерген БҚО қазақ драма театрының бұл жеңісі - тынымсыз еңбек пен өнерге деген ұлы махаббаттың жемісі екендігі анық.
Үлкен жолда кезекті жеңісіне қол жеткізген жерлестерімізді шын жүректен құттықтаймыз!
