Балет бишісінің айтылмаған әңгімесі.

Театрдың бас балетмейстері , ҚР халық әртісі Гүлжан Түткібаева бар ғұмырын балет өнеріне арнады. Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының хореография факультетінің профессоры.
Балет бишісі театрда 30 жылдан астам өнер көрсетіп келеді. Өзі сомдаған кейіпкерінің жан тебіренісін ,күйзелісі мен қуанышын музыка ырғағымен әр қимылын үйлестіріп, кейде құстай биікке самғап, әп-сәтте ақ қайыңдай тербеліп, көрермендерін тебіреткен нәзік әйел театр есігін ашқанда 17 жаста еді.
Тоқырау жылдары мәдениет ошақтарының шаруасы шатқаяқтап, қиыншылық кезең қазақ опера және балет театрын да айналып өтпеді. Тон киіп бүрсеңдеген жұртқа жылусыз ғимаратта өнер көрсеткен өзінің жанкештілігін биші ешқашан ұмытпайды . Суық ғимарат сахнасында тоңса да , кәсібіне деген сүйіспеншілік оны шабыттандырды , киелі өнер шаңырағының ыстығы мен суығына төзіп, көрермен қошеметіне бөленді. Ол Абай атындағы опера және балет театрының прима - балеринасы атанып, ұмытылмас бейнелерді сомдады. Тал шыбықтай бұралған бишінің қимылы ширақ , қозғалысы да ерек.

- Кейде балет бишісі тамақ жемейді , кәуеп аузына алмайды деп жиында ,тойда бейтаныс адамдар жаны ашып, көңілімді аулап жатады. Балет бишілерін тұрғындар нәр татпайды деп ойлайды. Дегенмен ешкімнен ешқандай айырмашылығымыз жоқ. Дайындық кезінде , қойылым алдында көкініс , жемісті көбірек жеймін. Себебі тамақты тойып жегеннен кейін қимылдау мүмкін емес. Ал табиғат аясына барғанда жақын арада қойылым болмаса, кәуептен де бас тартпаймын,- деп күлді бас балетмейстер.

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына биыл 85 жыл. Ғасырға жуық өнер ордасында 300-ден астам қазақ опера және балет туындылары ,орыс және батыс еуропа классикасының жауһарлары қойылыпты .

Опера және балет театрының ұжымы әртістермен таңғы шай ішуге шақырды. Айтпақшы өнер ордасының тарихында мұндай дастархан басындағы басқосу алғаш рет ұйымдастырылды. Әлемгі әйгілі жұлдыздармен, классикалық би , опера майталмандарымен сахна сыртында және ғимараттың балконындағы кездесу қатты ұнады. ҚР халық әртісі Нұржамал Үсенбаева да келді.

Дене бітімі өте сымбатты, мінсіз , нәзік , «басқан ізі білінбейтін» балет аруларының өмірі де, өздері де маған жұмбақ. Сахнада қайыңдай тербеліп, ақ көбелектей қалықтайтын балет бишілері ас талғамайды. Тек тамақты тарта жейді. .

«Әртістің аяқ киіміне күншілдер шыны сындырып салады екен немесе қызғаныштан қастандықтың сан алуан айласын жасайды» деген әртүрлі аңыз әңгімелерді Гүлжан Түткібаева жоққа шығарды.

Мардымсыз жалақыға күнелтіп, балет өнерінің ыстық-суығына төзіп, оның дамуына өлшеусіз үлес қосқан Гүлжан Түткібаеваның өнерге деген адалдығы мен шексіз сүйіспеншілігіне риза болдым.

Маған қарама-қарсы отырған Белоруссияның Ұлттық академиялық Үлкен опера және балет театрының әншісі Клавдия Потемкина сүйріктей саусақтарымен бір өрікті онға бөліп , шанышқымен асықпай жеді. Мұндай сұлулардың жанында отырып, таңғы асты ішпегенімді ұмытып, тамаққа деген тәбет жоғалып кетті.

Мені таң қалдырған тағы бір жәйт даяшы тәтті шырын құйып, тәтті нан ұсынды. Балет бишілері тәттіні, ет , ұннан жасалған тағамдарды жемейді деп ойлаушы едім.

Кешке опера ,балет театры көрермендерге есігін айқара ашты. Зал кісіге лық толды. Таңертең журналистерге сұхбат берген жұлдыздардың өнерін тамашаладым.

Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында ұлтымыздың біртуар өнерпаз ұл-қыздарының ізі жатыр. Биыл 85 жылдығын атап өтіп жатқан театр сахнасында әлемге әйгілі өнер сақлақтары өнер көрсетіп жатыр.
Журналист Жазира Бегалы
Алматы қаласы
