Мазмұнға өту
Обложка сообщества Әртүрлi

Балерина Құралай Сарқытбаева Жетісуда концерт өткізді

Әлемге танымал, театрдың прима-балеринасы Құралай Сарқытбаева өзі дүниеге келген Талдықорған қаласында арнайы концерт берді. «Жетісудың аққуы» атты шығармашылық кеш Құралайдың өнердегі әріптестері, Қазақтың Абай атындағы опера және балет театры әртістерінің қатысуымен өтті.

Опера мен балетті  арнайы Алматыға барып көре бермейтін  жергілікті көрермен үшін  бұл  ұлыстың ұлы күні қарсаңында  үлкен сыйлық болды.
Мың бұралған Құралайдың өнеріне әлем тәнті. Оны балет сүйер қауым қазақтың «Кармені», «Аврорасы», «Сильфидасы» деп атайды. Әлемдік классикадағы осынау белгілі образдарды билеген қазақ қызы туған топырағында тұңғыш рет концерт беріп тұр.
Құралай Сарқытбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
Биік сахналардан көрініп жүргенмен, туған өлкеңнің алдына шығу үлкен жауапкершілік жүктейді. Қатты толқып тұрмын. Қуанышты жаңалығым, бүгінгі концертте менің қызым Кәмила да өнер көрсетті. Мен үшін бұл үлкен қолдау.
14 жасар Кәмила да өнерсүйер қауымға танылып үлгерген өнерпаз. 2 жыл бойына шетелде балеттің қыр-сырын меңгерген кішкентай балеринаның арманы үлкен.
Кәмила Жаманбаева, Құралай Сарқытбаеваның қызы:
Мен анам секілді танымал прима-балерина атансам деймін. Менің балетті таңдауыма анам басында келіспеген. Бұл қиын өнер дейді. Бірақ мен бәріне дайынмын.
23 түрлі нөмірден тұратын концертте балетпен қатар опера орындалды. Құралайдың шашбауын көтере келген өнердегі әріптестері жетісулықтардың таңдайын қақтырды.
Тұрлыбек Кәрім, Талдықорған қаласының тұрғыны:
Опера-балет дегеніміз өнердің биік шыңы деп есептейміз. Сондықтан да, осы топтың ортаға келіп жатқаны, оны жұртшылықтың осылай қабылдап жатқаны жетісудың өнерге бейімі, өнерге деген құштарлығы деп айтуға болады.
Жанар Адамова, Талдықорған қаласының тұрғыны:
Бұндай демалыс біздің қалада жиі боп тұрмайды. Шынын айтса, өз қаламда балетке бірінші рет келдім. Жұмыс күнінен кейін өте қатты демалдым. Өте үлкен әсердемін.
Опера-балетті біраздан бері көрмеген қала жұртшылығы бір серпіліп қалды. Жерлесінің жеңістеріне қанық жетісулықтар Құралайдың иығына шапан жауып қошамет көрсетті.

0
0
617

Осы тақырып бойынша

Балерина Құралай Сарқытбаева Жетісуда концерт өткізді - Yvision.kz