«Балапан» көрерменіне екі жаңалық ұсынады
Достар, «Балапан» телеарнасының сендерге арналған керемет жаңалықтары бар! Көңілді бағдарламаларды жіберіп алмаймын десең бізбен бірге бол және ары қарай мұқият оқы.
Сонымен... алғашқы жаңалығымыз: «Балапан» телеарнасы «Сиқырлы смурфтер» мультфильмін ұсынады!

Осы аптада «Сиқырлы смурфтер» мультфильмін бізбен бірге тамашалаңдар.
Бұл мультфильмде Нью-Йорк атты үлкен қалаға тап болған смурфтердің басынан кешкен оқиғалары баяндалады.
Алыс шалғайдағы сиқырлы мекенде бойлары алмадай ғана көк түсті смурфтер алаңсыз өмір сүреді. Бір күні зұлым Гаргамель олардың тыңыш өмірінің шырқын бұзады. Қастандық жасап, оларды сиқырлап тастайды.
Сөйтіп, смурфтер таңғажайып әлемінен Нью-Йорк қаласының Орталық саябағынан бір-ақ шығады. Кішкентай смурфтер өздерінің әлеміне қайтуға тырысады.
«Кішкентай смурфтер» мультфильмін сенбі күні сағат 19:30-да «Балапан» телеарнасынан көруге ұсынамыз.
Сондай-ақ, «Балапан» телеарнасы «Алға, Диего» мультхикаясын қайта көрсетіп жатыр.

Аң-құстардың құтқарушысы, жан-жануарлардың қамқоршысы, қаһарман кішкентай досымыз Диего туралы мультхикая көптеген көрермендеріміздің сұрауы бойынша қайтадан эфирге шығады.
Мультхикаяда 8 жастағы Диегоның басынан кешкен қызықты оқиғалары баяндалады. Ол әпкесі Алисия, Клик атты фотоаппарты және басқа да достарымен бірге саяхатқа аттанады.
Достар жол бойы әртүрлі тапсырмаларды орындайды. Сондай-ақ, джунглиде қиындыққа тап болған жануарларды құтқарады. Көмекке көрермендерді де шақырады.
«Алға, Диего» мультхикаясын қазірден бастап сағат 07:35, 13:35 және 19:30-да телеарнаға шығады. Мультхикаяның екі бөлімі қатар көрсетіледі.
Сүйікті телеарнаң ұсынатын осы бір керемет мультфильмдерді жіберіп алмауға тырыс. Алғыр да тапқыр Диего мен көңілді смурфтардың басынан кешкендері саған ұнайтыны сөзсіз!
