Бақытты қалай түсінесіз?
«Бақыт» сөзін әр адам әр қилы түсініп, өзіндік ой-қиялымен байланыстырады. Бірақ қызығы сол барлығы осы бақытқа ұмтылады. Ендеше, бақыт дегеніміз не өзі? Тарихта талай адамдар бақыт іздеп өмір сүрді. Олардың көбі бақыттың не екенін түсінбегендіктен, оны жоқ жерден іздеді. Яғни, олар үшін бақыт – шөлдегі сағымдай көзге көрінбейтін, дауысы естілмейтін, аты бар да, заты жоқ сиқырдай сезілгендіктен, сансыз сезім жетегінде ел мен жер кезіп, әуре-сарсаңға түсті.
Қазіргі заманда бақыт та, байлық та, өмірдің мәні де – мал-дүние дейтіндердің саны басым. Олар: «Бақыт адамның басына қонады. Оны ұстап қалса, тұрақтап қалады», – дейді. Бұл сөздерді байлыққа, кәсіпке, шат-шадыман тұрмысқа байланыстырып айтады. Алайда, байлыққа белшесінен батып, тұрмыс жағдайы күн санап артқан кісілердің рухани тоқырауға ұшырап, ажарсыз күйге түсетіндері аз емес. Демек, мал-дүниенің көбейіп, киімнің көк, қарынның тоқ болуы бақытты болудың алғы шарты саналмайды. Байлықты өмірдің сәні мен мәніне балап жүргендердің сол еңбегі, уақытын сарп етіп, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүріп тапқан мал-дүниесінің қамы үшін күндіз-түні шапқылап, жанын қинауы, түндерде тыныш ұйықтай алмауы, күндердің күнінде тығырыққа тірелемін-ау деп уайымдауы, қуанышынан гөрі қорқыныш-қайғысының артуы бұл дүниедегі көрер азаптарының қатарына жатады.
«Бақыт» ұғымын мынандай зерттеу оқиғасымен түсіндірсек болады. « Адам қалай бақытты бола алады?» атты сенимар-тренингке 50 адамнан құралған топты жинайды. Оларға өз арман-тілектерін жазып, өз есімдерін көрсетіп, ойын шарларына салуға өтініш жасайды. Барлық шарларды жазық бөлме ішіне араластырып ойнайды. Семинар қатысушыларына өз шарларын 5 минут ішінде табуларын тапсырады. Бір-бірімен соқтығысқан адамдар, бөлме іші хаос. Нәтижесінде берілген уақытта ешкім де өз шарын таба алмайды. Содан кейін оларға кездейсоқ шарларды алып, есімі жазылған адамға тапсыруды сұрайды. Бірнеше минуттан соң әркімде өзінің арман шары қолында болады. Сонда семинар лекторы: « Бұл біздің өмірімізде не болып жатқанын көрсетеді. Әрқайсысымыз бақытты айналамыздан іздейміз, бірақ оның қайда екенін білмейміз. Біздің бақыт – өзгелерде. Өзгелерге бақыт сыйлау арқылы сіз де бақытты боласыз.
Бақыт сыйлайық, бақытты болайық.
