Бақытбек Смағұл Ақжайық ауданында сайлаушылармен кездесті
«Nur Otan» партиясы атынан ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына кандидат Бақытбек Смағұл Ақжайық ауданында сайлаушылармен кездесті. Чапаев ауылындағы «Өркен» коворкинг орталығында болған кездесуде үміткер жетекші партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарына тоқталды. Пандемия кезеңінде алдымыздан шыққан сынақтарға қоғам болып тойтарыс берудің маңыздылығын сөз етті. Төменгі палата депутаттығына кадидатқа жиналғандар тарапын түрлі сауалдар қойылды. Айталық, еңбек ардагері, Ақжайық ауданының құрметті азаматы Дәулетжан Жақсыбаев Жайық өзенінің экологиялық ахуалын, су тапшылығы мәселесін көтерді. Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің мәртебесін заңдық тұрғыда арттыру туралы ұсынысын жеткізді.

Ал, «Шуақ» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мәншүк Мәмбешова Жайықтың сол жағалауындағы халықты алаңдатып отырған өзекті мәселеге назар аударды. Ол «Барбастау – Индер» тас жолын күрделі жөндеу қажеттігін айтты. Ардагер ұстаз Балым Хамзина қашықтан оқудың машақатын айтып, ең болмаса 1,9,11 класс оқушыларын дәстүрлі оқу әдісіне көшіру туралы пікір білдірді. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Әли Орынов жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың аясын кеңейту, жастарды ауылдық жерлерге тұрақтандыру үшін мемлекеттік қолдауды күшейту қажеттігін айтты.
