Бақыт бұл...
Философиялық тұрғыдан қарастырғанда ғұлама ғалым Әбу-Насыр әл-Фараби өз еңбектерінде бақытқа ерекше мән беріп, тоқталған. «Бақытқа жол сілтеу» трактатында : « Бақыт - әрбір адам ұмтылатын мақсат, өйткені ол белгісіз бір жетілу болып табылады. Мұны түсіндіріп жату артық сөзді керек етпейді, өйткені бұл белгілі нәрсе. Жетілушіліктің кез келгені адам талпынатын мақсат, өйткені жетілу дегеннің өзі, күмән жоқ, адамның қалауы. Адам ретінде мақсаттардың саны көп болғандықтан, бақыт солардың ішіндегі ең пайдалысы болып табылады», - деп бақыт ұғымына анықтама берген. Игіліктердің ішінде бақыт ең үлкен игілік екендігі және қалаулы заттардың ішінде адам талпынатын ең жетілген мақсат екендігі айқын.
Бақытқа жетіп алғаннан кейін біз басқа бір мақсатқа талпынуға тіпті де зәру емес екенімізді көреміз, солай болғандықтан , бақыт ешқашан да басқа нәрсеге бола емес, сол бақыттың өзі үшін қадірлі екендігі айқын болады. БАҚЫТ дегеніміз игіліктердің ішіндегі ең қадірлісі, ең үлкені және ең жетілгені екені осыдан айқын көрінеді.
«Адамды бақытқа жеткізетін әрекеттер мен ақыл-парасат жоғарыдағы шарттарға байланысты болғандықтан, ал мұның бірі барлық жерде де, әр кезде де болуға тиісті нәрсе болып табылатын болғандықтан, нақ сол кезде және сол жағдайларда осы әрекеттер мен осы ақыл-парасатты тудыратын тағы да бірдеңелер қалай да болуға тиіс. Бұған екі жағдайдың бірі тән: адам осының арқасында жақсы әрекеттер мен жақсы ақыл-парасатты барлық жағдайда да тұрақты ете алады. Адамның туа біткен қасиетіне екі жағдайдың екеуі де тән болады, ал осының артынан жүре-тұра бойға даритын қабілет пайда болады, бұған осы жағдайлардың біреуі ғана, әрекеттер мен жан аффектісін тудыратын жағдай ғана тән», - деген ғұламаның сөздеріне толықтай келісемін. Мүмкін, тек осылардың арқасында ғана бізде бақытқа жеткізбей қоймайтын жақсы мінез-құлық пен жақсы ақыл-парасат пайда болатын шығар. Осылардың арқасында бақытқа жетуіміз үшін ақыл күшіміз еш уақыт жоғалмайтын немесе оңайлықпен жоғалмайтын бойға біткен қасиетімізге айналу мүмкін ғой...
Әл-Фарабидің пікірінше, адамның басына дарыған төрт түрлі нәрсеге халықтар мен қала тұрғындары қол жеткізсе, олар бұл өмірде алыс бақытқа жетер еді. Оларға теориялық ізгіліктер, ойшылдық ізгіліктер, этикалық ізгіліктер және практикалық ізгіліктер жатады. Ғұлама бұл туралы «Бақытқа жету жайында» трактатында былай айтып кеткен: «Дүниеде әлденендей бір алғашқы бастама бар, мұның соңынан бастама бар, мұның соңынан рет-ретімен басқа бастамалар келе береді. Ал олардан өмірдегі заттар келіп шығады, кейін басқа заттар рет-ретімен келе береді де, болмыс ретімен алғанда өмірдегі ең соңғы заттарға дейін осылай жалғасып отырады. Дәл сол сияқты халықты немесе қаланы қамтитын нәрселер жиынтығында да әлденендей бір алғашқы бастама болады, оның соңынан да басқа бастамалар және осы бастамаларға ілесуші басқа тұрғындар келеді, ал осы тұрғындардың ізімен басқа тұрғындар жүріп отырады да, азаматтық және адамдық болмысы жағынан ең соңғы тұрғындарға жеткенге дейін осылай жалғасып кете береді. Осының нәтижесінде қаланы құрастырушы нәрселер дүние жиынтығын құрастырушы нәрселерге ұқсас болады. Теориялық кәмелеттік дегеніміз осы. Сондықтан бұл сіз көріп отырғандай, төрт текті білімділерді қамтиды, ал осы білімдердің арқасында қала тұрғындары мен халықтар ең жоғарғы бақытқа жетеді. Осыдан соң теориялық қағидаларда көрсетілгендей сәйкес етіп төрт тектің халықтар мен қалаларда түпкілікті болуын көздеу ғана қалады».
Бақыт – әл-Фараби этикасының орталық санаты болып саналады. Қайырымды қалада бақыт адамдар, мейірімділік, әділдік және әдемілік арқылы жүзеге асырылады. Жұмыстарда өзара көмектесу мақсаты үшін біріккен шынайы бақытқа ие адамдардың бірлескен қаласы қайырымды қала және адамдар бір-біріне бақытқа жету үшін көмектесетін қоғам өз алдына қайырымды қоғам болып табылады.
Біз бақыттың не екенін, оған жету жолын әл-Фарабидің осындай трактаттарынан біле аламыз. Көпті көрген ұлы ғұламаның айтқан әрбір сөзінде терең мағына жатқанын ұғынуымыз керек. Сонда ғана бақыт биігіне жетіп, сол жолды игерудің әдісі мен амалын таба аламыз. Себебі бақытқа жетудің маңызды шарты адамның істеген әрбір әрекеттің өз еркімен негізделуінің астарында жатыр.
