Б.Сапарбаев: Музыка адамдарды ұлт пен ұлысқа, мемлекетке бөлмейді, керісінше бір-біріне жақындата түседі
Қазақ ұлттық өнер университетінде ICTM 43-ші халықаралық дәстүрлі музыка конференциясы жұмысын бастады. Қазақстан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің ішінде бірінші болып әлемнің мәдениет және өнер саласындағы ең ірі жиынды қарсы алуда, деп хабарлады ҚР МСМ.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шара қатысушылары мен қонақтарына арналған құттықтау сөзді Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев оқыды.
«Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан бүгінгі конференцияға қатысушылардың барлығына қош келдіңіздер деймін. ICTM басшылығына 43-ші Халықаралық дәстүрлі музыка конференциясын өткізу орнына Қазақстанды, оның ішінде Астана қаласын таңдап алғандарына алғысымызды білдіреміз. Менің ойымша, бұл кездейсоқтық емес. Соңғы уақыттарда біздің атақты музыканттарымыз Қазақстанды және қазақ халқын дүние жүзіне танытып жүр. Олар әлемдегі ең беделді мәдени мекемелерде өнер көрсетуде. Музыка адамға күш-қуат, көңіл-күй, денсаулық сыйлайды және ең бастысы, ол бейбітшілік жаршысы бола алады. Музыка адамдарды ұлт пен ұлысқа, мемлекетке бөлмейді, керісінше бір-біріне жақындата түседі», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, ICTM дүниежүзілік конференциялары 1947 жылдан бері екі жылда бір рет ұйымдастырылып келе жатыр. Мұндай жиындар кең ауқымымен және дәстүрлі мәдениеттің әлемдік қауымдастықпен тығыз байланысуымен ерекшеленеді.
Биыл конференция тұңғыш рет Қазақстанда ұйымдастырылып отыр. Жоспар бойынша, ICTM 43-ші халықаралық дәстүрлі музыка конференциясы үстіміздегі жылдың 22 шілдесіне дейін өтетін болады. Шараға 70 шақты елден келген 800-ге жуық музыка өнерінің сарапшылары мен мамандары қатысып жатыр. Бүкіләлемдік форум шеңберінде түрлі тақырыптағы ұлттық дәстүрлі мәдениет пен өнер саласын зертетуге бағытталған пленарлық отырыстар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер өтетін болады.
ICTM Басқармасының кезекті дүниежүзілік конференцияны 2015 жылы Астанада өткізу туралы шешімі әлемдік мәдени қоғамдастықтың біздің көп ұлтты және көп конфессиялы елімізге деген мәдени және ғылыми қызығушылықтың артып келе жатқанының дәлелі, сондай-ақ, Қазақстанның әлемдік ғылыми және мәдени кеңістікте беделді көшбасшы бола бастағанының белгісі болып табылады. Астанада өтетін 43-ші Халықаралық конференция - еліміз үшін мемлекеттік маңызға ие аса жауапты, тарихи, ғылыми-мәдени жоба, себебі, бұл көп ұлтты Қазақстанның дәстүрлі музыкалық мәдениетін әлемдік ғылыми деңгейде, әлемдік ғылыми кеңістіктің кең шеңберінде алғаш рет таныстыру болып табылады.
