БҚО «Nur Otan» партиясы облыстық филиалында орналасқан өңірлік сайлауалды штаб өз жұмысын бастады
Сайлаудағы жеңіс әрқайсымыздың біліктілігімізге, жауапкершілігімізге, өз ісімізге толық берілгендігімізге тікелей байланысты. Партия Төрағасы Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы барлық кандидаттар сайлау науқанына белсенді атсалысуы керектігін нақты белгілеп берді. Өз кезегінде, партия төрағасының бірінші орынбасары атап өткендей, барлық үгіт-насихат жұмыстары «жанды» және сайлаушылармен адал және ашық диалог негізінде жасалуы тиіс.

Партия кандидаттары 20/80 формуласын ұстанулары керек. Яғни партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндіру 20%-ға және сұрақтарға жауап беру 80%-ға жүзеге асырылуы тиіс. Бұл ретте біз барлығымыз заңнама талаптарын нақты ұстануға және осы кезеңде қандай да бір шағымдарға немесе заң бұзушылықтарға жол бермеуге тиіспіз. Партияның беделіне нұқсан келтіретін кез-келген қауіп-қатерді болдырмау керек! Біздің барлығымыз партиямыздың осы заманғы сын-қатерлерге батыл жауап беретін және қазақстандықтардың сеніміне лайық нақты істер партиясы екенін көрсетуге тиіспіз,-деді М.Мұқаев.
