БҚО-да «Жасырын сатып алушы» тәсілі бойынша қоғамдық мониторингті қорытындылады
2017 жылдың 5 қыркүйекте «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы
мәдениетті қалыптастыру бойынша 2017 жылға арналған кешенді жоспар» аясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен «Жасырын сатып алушы» тәсілі бойынша қоғамдық мониторингтің нәтижелері» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді.
Семинар-кеңеске мемлекеттік органдардың басшылары және жауапты лауазымды тұлғалары қатысты.
Жобаның мақсаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туғызатын әкімшілік кедергілерді анықтауға қоғамның тікелей қатысуы болып табылады.
Отырыс барысында «Ақжол» кіші және орта бизнесті қолдау ассоциациясы басшысы А.У.Салиева «Жасырын сатып алушы» тәсілі бойынша қоғамдық мониторинг барысында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. А.У.Салиеваның сөзінше, 2017 жылдың 22 мамыры мен 31 тамызы аралығында (15 апта) «Жасырын сатып алушы» тәсілі бойынша қоғамдық мониторинг барысында 40 мемлекеттік мекемеге 62 рет тексеріс жүргізілген, тексеріс барысында мемлекеттік қызмет көрсету саласында 62 бұзушылықтар анықталған.
Сонымен қоса, Батыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Н.Беркінғали мен Орал қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы С.Есенғалиевтің «Жасырын сатып алушы» тәсілі бойынша қоғамдық мониторинг барысында анықталған бұзушылықтар бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндамалары тыңдалды.
Семинар-кеңеске қатысушылар жобаның тиімділігіне тоқталып, алдағы уақытта өз жалғасын тапса деген тілек білдірді.
