БҚО-да жас мемлекеттік қызметшілер арасында «Тіл шебері — 2016» байқауы өткізілді
2016 жылдың 19 сәуірде ҚР Мемлекеттік қызмет істері Министрлігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің бастамасымен, тілдерді дамыту басқармасы Қоғамдық келісім және достық үйінде жас мемлекеттік қызметшілер арасында республикалық «Тіл шебері-2016» байқауының облыстық кезеңін өткізді.
Байқаудың мақсаты Қазақстан Республикасының тіл саясатын жүзеге асыру, бәсекеге қабілетті және кәсіби дамыған тұлға тәрбиелеу, үштілді еркін меңгерген жас мемлекеттік қзыметшілерді қолдау болып табылады.
Байқаудың салтанатты ашылуында Департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы М.Нұртазин алғашқы сөз сөйлеп, өз сөзінде заманауи уақытта үш тілді меңгеру негізгі кілттердің бірі екендігін, сондай-ақ, ол әрқайсымыз туған тілімізді білуге талпынуымыз керек, туған мәдениетін білу, домбыраның әр дыбысы мен өлеңнің әр жолдарын сезіне білу қажеттігін ерекше атап өтті.
Байқауға 21-мен 35 жас аралығындағы жас мемлекеттік қызметшілер қатысты. Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең «Мәдениеттаным» деп аталып, онда қатысушыларға қазақ халқының салт-дәстүрі жөнінде сұрақтар қойылды. «Ұлттаным» атты екінші кезеңде қазақ халқының тарихы мен танымал тұлғалары туралы сұрақтарға орыс және ағылшын тілдерінде жауап берулері қажет. Соңғы «Өнертаным» кезеңі қазақтың ұлттық жаңылтпаштарымен есте қалды.
Байқауға қатысушылар өздерінің ұлттық және классикалық киімдерімен ерекшеленді.
Әділ қазы алқалары филологтар, ақын Д.Мұштанова, Департамент басшысының орынбасары А.Жұбаныш және т.б. болды.
Үміткерлерді бағалау кезінде тілдерді меңгеру деңгейі, жауаптың мазмұндылығы мен ерекшелігі, үш тілде орфоэпиялық тұрғыдан таза сөйлеу және мемлекеттік қызметшілердің сахналық мәдениеті назарға алынды.
Байқау қорытындысы бойынша, бас жүлдені Орал қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы А.Идалиева жеңіп алды. Бірінші орынды Орал қалалық ішкі саясат басқармасының бас маманы А.Құрманалиева иеленсе, екінші орынды техникалық реттеу және метрология Комитетінің БҚО бойынша Департаментінің бас маманы Т.Мұханова лайықты деп танылып, үшінші орын БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бас маманы Б.Қасеноваға бұйырды.
