2017 жылдың 2 наурызында өткен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау мен жастар саясаты басқармалары тарапынан мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың профилактикасы бойынша атқарылған жұмыс қорытындылары, сондай ақ Ақжайық және Сырым аудандарының білім беру бөлімі басшылары мен Тасқала ауылдық округі әкімінің тәртіптік істері қаралды.
Алдымен, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың профилактикасы мәселелері бойынша Батыс Қазақстан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау мен Батыс Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері басқармалары тарапынан атқарылған жұмыс қорытындылары қаралып, оның нәтижесі бойынша Кеңес тарапынан аталмыш мемлекеттік орган басшыларына: сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған нақты іс-шаралар жоспарын жасақтау жөнінде ұсыныстар жолдау туралы шешімдер қабылданды.
Әрі қарай Кеңес отырысында, Сырым аудандық прокуратурасының ұсынысы негізінде аудандағы жалпы білім беретін орта мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстарын өткізу барысында, орындалмаған жұмыстар бойынша актілерге қол қойып, бюджет қаражатын мердігерге заңсыз толық аудару арқылы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарын бұзу мәселесі бойынша Сырым ауданы білім беру бөлімінің басшысы Замзагүл Ергазиеваның тәртіптік ісі қаралып, нәтижесінде Кеңеспен, ҚР «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50 бабының 1 тармағының 4) және 5) тармақшаларымен көзделген мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін аталған тұлғаға «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы Сырым ауданы әкіміне ұсыныс беру жөнінде шешім қабылданды.
Тасқала ауылының тұрғыны Б.Өтегеновтың арызы негізінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Департаментімен жүргізілген тексеру нәтижесінде анықталған, Тасқала ауылдық округінің бастауыш ардагарлер ұйымының қызметіне сол округ әкімі Светлана Утемисованың заңсыз араласу мәселесі бойынша, аталған лауазымды тұлғаның тәртіптік ісі қаралып, нәтижесінде ҚР «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50 бабының 1-тармағының 1)-тармақшасында көзделген мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылыққа жол бергені үшін С.Утемисоваға «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы Тасқала ауданы әкіміне ұсыныс жолдау жөнінде Кеңес атынан шешім қабылданды.
Соңында, Ақжайық ауданы прокуратурасының ұсынысы негізінде, балаларға арналған жаңа жылдық шырша шарасын өткізуге қатысты мемлекеттік сатып алу өткізу барысында, ұсыным беруге немесе конкурсқа қатысуға құқылы кәсіпкерлердің құқықтарын шектеу және таңдаулы кәсіпкерлерге құқыққа сыйымсыз қолдау көрсету арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарын бұзу мәселесі бойынша Ақжайық аудандық білім беру бөлімінің басшысы Мереке Зиналиевтың тәртіптік ісі қаралып, нәтижесінде Кеңес тарапынан, ҚР «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50 бабының 1-тармағының 4) және 11)-тармақшаларында көзделген мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін аталған тұлғаға «атқаратын мемлекеттік лауазымын босату» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы Ақжайық ауданы әкіміне ұсыныс беру жөнінде шешім қабылданды.