БҚО-да ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету сұрақтары талқыланды
2016 жылдың 15 шілдеде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Министрлігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Департаментімен ҚР «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» жаңа Заңының нормаларын түсіндіру жөнінде семинар-кеңес өткізілді.
Семинар-кеңес жұмысына облыстық және аудандық мемлекеттік органдардың жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауға жауапты мемлекеттік қызметшілері қатысты.
Кеңесті Департамент басшысының орынбасары, әдеп жөніндегі Кеңес хатшылығының меңгерушісі Ж.Мұратов ашып, ол ұлт Жоспары «100 нақты қадамның» алғашқы 15 қадамы мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге және оның ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталғандығын атап өтті.
Одан әрі, ҚР «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңын түсіндіру бойынша Мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының басшысы Д.Ерманов баяндама оқып, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 456-1 бабына сәйкес ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеу айыппұл салу жөнінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылғандығын атап өтті.
Сондай-ақ, жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау кезіндегі іс-қағаздарын жүргізу тілі мәселелері бойынша БҚО тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Г.Бисенгалиева ақпараттандырды.
Өз кезегінде, семинарға қатысушы мемлекеттік қызметшілер өтініштерді қарау бойынша өз сұрақтарын қойып, оларға қолданыстағы заң нормаларына сай жан-жақты жауаптар берілді.
