БҚО білім саласында қоғамдық тыңдаулар өткізілді
2016 жылдың 30 наурызында Орал қаласының білім бөлімінде онлайн режимінде білім бөлімінің басшылығы, ата-аналар комитеті жетекшілері, тәрбие жұмыстарын қадағалаушы әдіскерлер және мектеп директорларының қатысуымен қоғамдық тыңдау өтті.
Қоғамдық тыңдау жұмысына ҚР мемлекеттік қызмет істері министрілігінің БҚО бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Б.Хайруллин қатынасты.
Қоғамдық тыңдау мақсаты білім саласы мен өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселелері, тәжірибе және ойлармен бөлісу, мәселелерді шешу жолдарын іздеу, сонымен қатар, білім жүйесіндегі жұмыстармен ақпараттандыру болып табылады.
Күн тәртібіне мектептерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналған іс-шаралардың маңызы, ҰБТ дайындық және тағы басқа сұрақтар енгізілді.
Департамент өкілі Б.Хайруллин іс-шараға қатысушыларға өскелең ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселесі енгізілген «Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері» құжатымен таныстырды.
Аталған қоғамдық тыңдау педагог пен ата-ананың білім беру процесіндегі ұстанымын, жанұя мен мектептің тиімді ынтымақтастық бағытын айқындауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, олардың қарым-қатынасын реттеу үшін жасалған бағдарламаның жүзеге асырылуы талданады.
