Бүлікшілер «Шолпан» сауда үйін өртеп кеткен
Жаңаөзенде тәртіпсіздік кезінде сауда үйлері мен көптеген дүкендер тонауға түсті. Бұзақылар «Сулпак», «Атланта» сияқты ірі сауда желілерін тонап, сосын өртеп жіберген. Кәсіпкерлер миллиондаған шығынға батты.
Ал қаладағы «Шолпан» әмбебап дүкенінің де сау тамтығы қалған жоқ. Жаңаөзендегі сауда-орындарының қазіргі жағдайын жеткізу үшін тілшіміз Бақытжан Омаров бізбен байланыста тұр.
Қаладағы ең ірі болып саналатын «Шолпан» әмбебап дүкені менің дәл артымда тұр. Қарап отырсаңыздар ғимараттың қос қабаты өртенген. Желтоқсанның 16 күні бұзақылар осы әмбебап дүкеніне баса көктеп кіріп, ішіндегі техникалардың, киім-кешектердің барлығын ұрлап алып кеткен.
Дүкеннің ішіндегі тауарлардың барлығы сапалы Польшпадан әкелінген. Тәртіп бұзушылар, тіпті, жертөлесіне дейін тонаған, қоймадағы жатқан киімдерді өртеп жіберген. Біз бүгін сол «Шолпан» иесімен сұхбаттасқан болатынбыз.
Бибіжан Жалғасбаева, кәсіпкер:
16-сы күні келіп, ішкі істерден келіп жапсырып кеткен. Жауып тастаңдар дүкендеріңізді деп. Қатынас та жоқ қой бізде сұрайтын. Жауып кеткен, үйлеріне кеткен. Сол кешкі сағат түнгі 11-12 шамасында болып отырған нәрсе бұл. Сақтықта қорлық жоқ. Не де болса, дүкендеріңді жауып тастаңдар деп келді. Сосын бұлар жауып кеткен. Анау офистің ішіндегі сейфті ақтарған, біреуін алып кеткен, оның ішінде кредитке төлейін деген ақшам.
Дүкен иесі 50 миллион теңге шығынға ұшыраған. Енді ол: «Кәсіпкерлікті қойып, Жаңаөзен қаласынан көшемін», - дейді. Ал мына өртенген ғимаратты Үкіметке тапсырады.
