Мазмұнға өту
Обложка сообщества Әртүрлi

Бүгін – Сейіт Қасқабасовтың туған күні

Сейіт Қасқабасов – қазақтың біртуар тұлғаларының бірі. Ол әдебиеттану әлеміндегі ізденістері мен тың жаңалықтарға толы зерттеулері арқылы танылды.

Ғалым, фольклортанушы Ақеділ Тойшан ғалым турасында: «Бұл кісінің ерекшелігі – «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты 10 том еңбекті жазып шықты. Бұл – Мұхтар Әуезовтен кейін орындалған еңбек. Сейіт Қасқабасов – қазаққа халық мұрасын ғылыми тұрғыда қайтарып берді. Ал, «Бабалар сөзінің» 100 томдығы – әлемде теңдесі жоқ мұра», - дейді.

Ғалым 1940 жылы Семей қаласында дүниеге келген. 1964 жылы Абай атындағы қазақ педагогика институтын, ал 1967 жылы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аспирантурасын тәмамдаған.

Алғаш еңбек жолын Ғылым академиясының қоғамдық ғылымдар бөлімшесінде ғылыми хатшы әрі «Қазақ ССР Ғылым академиясының хабарлары»  атты журналында бастаған. Ал, кейіннен бірқатар лауазымды қызметтерді атқарды.

Сейіт Қасқабасовтың ғылыми еңбектері – қазақ фольклорының теориясы мен тарихына, әдебиет пен өнер мәселесіне, этнография мен ауыз әдебиеті мұраларының текстологиясына арналған.

Профессор. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, Дүниежүзілік Шыңғысхан академиясының академигі (Моңғолия), Халықаралық Айтматов академиясының академигі (Қырғызстан) атанған. Халықаралық фольклористер қоғамының мүшесі (Финляндия, 1992), Халықаралық Айтматов академиясының мүшесі (Қырғызстан, 2007).

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың, Жамбыл атындағы сыйлықтың, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты атағына ие болған. М.Шолохов және Ұлы Петр атындағы ресейлік медальдармен марапатталған. 2011 жылы ТМД жалпы ғылым және білім кеңістігін дамытуға жәрдемдесетін ғылым және білім саласындағы зор үлесі үшін мемлекетаралық «Достастық Жұлдыздары» сыйлығымен марапатталды.

300-ден аса еңбектің, соның ішінде фольклор, әдебиет пен өнер бойынша 9 монографияның авторы туралы толығырақ «Таңшолпан» мұрағатынан біле аласыздар.

0
0
1449

Осы тақырып бойынша

Бүгін – Сейіт Қасқабасовтың туған күні - Yvision.kz