Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Бүгін полиция күні екен...

Бүгін полиция күні екен.

Жемқор, тұрпайы, сәулесіз полиция біздің елде ғана бардай ғып жазылған постарды оқып тұрамын. Меніңше әділ пікір орта тұста. Дүние жүзінің қай елінде де полиция қаталдықтың, тәртіптің, суықтықтың символы екені өтірік емес. АҚШ та бағынбаған тұрғынды полиция атып тастайды. Қасиетті Меккенің өзінде жұртқа кедергі жасаған пендені намаз оқып тұрса да желкелеп отырып, сыртқа итерген құқық қызметкерлерін талай көрдік. Қазір әлем солай. Адамына қарай қоғам, қоғамына қарай полиция. Адамдардың қарым-қатынасы суыған. Бір-бірін кешірмейтін, реті келсе отқа итеріп жібергісі келетін пенде көп. Талай елді аралап, талай қаланың мәдениетімен таныстық. Кебір орталарда адамның қадірі иттен төмен. Итін иіскеп, күшігін жалап жүрген жанды сәт сайын кезіктіресің. Ал, құлап жатқан адамға қайырылып келіп қайырым көрсетіп жүргендер онның бірі ғана. Адамдар қайырымды, мейірімді кезде патшаларда оққағар болмаған. Хазіреті Омар xалифа кезінде, қатты шаршаса көшенің шетіне жантайып мызғып алатын. Римнан немесе парсы патшалығынан  келген кейбір жолаушылар қаланың қауісіздігі мен xалифаның қарапайымдылығына қайран қалатын. Жүректер қатайып, адамдар суыған сайын, патшалар да оқшауланып, пагондылар да парықсыздана берді. Себебі қылмыстың да түрі көбейді. Тіпті жасарып, күрделеніп барады. Үлкендердің өзін қамайтын атақты түрмесі жоқ қазақ даласында, жасөспірімдерді жазалайтын қаншама мекеме бар. Атам атын естімеген террорист, педофил, некрофил секілді қаншама зұлым сипаттар пайда болды. Бір тәуліктің өзінде ажалдысы бар, қыршыны бар елімізде 400-500 адамның өмірі қиылады екен. Осынша дүрбелеңнің арасында болатын, көз көріп, құлақ естімеген талай бәлеге куәгер боп жүрген пенденің псиxикасына салмақ түспесін бе? Біреумен бір күн ұрысып қалсаң, бір апта өзіңе келе алмай жүресің. Ал, күнделікті айғай-шу мен алдау- арбаудың  бел ортасында жүрген полициядан қандай жылы жүз, ыстық ықылас іздейсің? Қайсы бір жылы Мысырда болған едім. Жергілікті тұрғындармен тілдескен кезімде :"Полициялар намаз оқи ма? Бәрі арапша біледі екен ғой" деп сұрағаным бар. Сонда, жауап беруші: "Құдай туралы айтқанда, үндемесе қуаныңыз. Әйтпесе, кейбір полициялар, "Құдай қайда, кәні көрсетші" деп, аспанға қарап түкіреді" деген болатын. Мен таңғалғаннан не дерімді білмей қалғам. Әрине, бәрі емес. Бірақ, ұзақ уақыт елде тыныштық болмай, ауыса берген билік пен қауымның арасындағы қақтығыстар сондай тасжүректілікке, имансыздыққа, ақырында Аллаға бағыттап түкіретін жағдайға жеткізетінін түсіндім. Біздің де кейбір дұшпандарымыздың арманы құқық қорғаушылар мен құқы қорғалу керек xалықтың арасына осындай дұшпандық салу екені анық. Әзірше, әрине гүл берген бүлдіршін мен жымиған сақшының сәтті суретін талқылап, жүздескендерін жүз күн әңгіме қылармыз. Бір-ақ, елде тыныштық сақталмаса, қоздырғыш күштердің әрекеті тоқтамаса, бәрі де бекер.

Іштегі де, сыртағы да дұшпандардың ең үлкен арманы қаталдық пен суықтықтың бейнесі болған полиция мен нәзіктік пен қорғансыздықтың символы болған аналарды алаңдағы бір нүктеде тоғыстыру. Әйелдің бақырып-шақырған шарасыз күйі мен полицияның ардың-күрдің еткен әрекетін бір кадрда бейнелеу. Себебі, ол көріністі ешкім түсіне де, қабылдай да алмайды. Қарсылық пен қамығу, жан торығу мен жауығу содан басталады. Қандай қулықпен, қандай себеппен болса да, осы күйге жеткізгісі келеді. Себебі, ананың жылағанына ешкім шыдамайды. Ал, ол алаңда жыласа, "қатігез" полицияның құрсауында жыласа, аспаннан күткен xаусты жерден күте бер. Еркегі мықты елдің анасы алаңда жылаушы ма еді? Біз туыстық құндылықтан алыс жүрген Еуропа жұрты емеспіз ғой. Жылған ананың әкесі қайда? Қамқор жары, арқа сүйер баласы қайда? Мұңын тыңдап, мауқын басатын, сырын ұғып, уайымын кетіретін ағасы қайда, бауыры қайда? Олар болмаса, жарайды өкімет өлтірмес. Бір қажетін ашар, баспанасын ба, басқасын ба тауып берер. Бірақ, жетім көңіл, жыртық жүрек жамалар ма? Жетім бала, жесір әйел тағдыры тұғырын табар ма? Алаңда жылап жүріп, салдарын шештік, себебін біреу табар ма? Алла елімізді азғындап, абыржығаннан сақтаса екен! Аналары жылап, балалары бақыт таппағаннан сақтаса екен! Қауымды қайырымсыздықтан, билікті әділетсіздіктен сақтаса екен! Қаймана қазақ тұрақтылыққа қызмет етіп, полиция тыныштығымыз бен қауіпсіздігімізге кепіл болса екен! Ел аман, жұрт тыныш болсын, ағайын!

Мұхамеджан Тазабектің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

2
0
485

Осы тақырып бойынша

Бүгін полиция күні екен... - Yvision.kz