Бүгін – халықаралық театр күні
Бүгін – халықаралық театр күні. Кез келген елдің мәдениеті көрініс тауып, тарихынан сыр шертілетін киелі сахнаның арғы жағы мен бергі жағындағы қызметкерлер жаппай мерекелейді бұл күнді.
Осыдан 51 жыл бұрын халықаралық Театр институты Вена қаласында өткен конгрессте 27-ші наурызды театр өнерін ұлықтауға арнауды жөн санапты. Міне, содан бері бұл күн кәсіби мереке ретінде атап өтіледі.
«Театр киім ілгіштен басталады» деген тәмсіл бар. Әрине, бұл пікірде көрермен мәдениеті туралы астарлы ой жатқаны аян. Мәдени-рухани құндылық, эстетикалық тәрбиені де осы театр сахнасынан ұғынасыз. Сондықтан да болар, театр өнері саф өнерге баланады.
«Әз-әзіл» - абсурд жанрындағы қойылым. Басты ролде - Бақыт Исабекова.21 жылдық тарихы бар өнер ордасында алғаш сахналанған «Ақан сері – Ақтоқтыда» да басты рольді шебер сомдауымен халық ықыласына бөленген еді. Міне, содан бері қасиетті өнер шаңырағында табан аудармастан еңбек етуде. Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» Еңлікті, Қобыландының сүйіктісі – Құртқа, «Махаббат поэзиясы» қойылымныдағы Танакөз ару. Бақыт Арынғазықызы осы сынды сан мыңдаған қазақ әйелінің бейнесін сахналаған жан. Өнер саңлақтарымен бірге талай драмалық шығармаларды биікке көтерді.
Бақыт Исабекова, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртісі:
Бар ойың халықтың алдына шығатын кейіпкеріңнің табиғатында болады. Өзің ойланып, толғанасың. Мұның бәрі жәй келмейді ғой. Кішкентай бір қас-қағым сәттің бірі қаншама дүние, қаншама өмірді айтасың. Мен өте қатты қуанамын. Қазір біздің залымыз толы. Әсіресе, жастарымыз көп келеді. Ол қуаныш қой. Өзінің тілін, ділін үйренуге талпынуы. Мысалы, бір спектакльді көру бір кітапты оқығанмен бірдей. Кей- кезде жастар келіп, ойы, жан дүниесі өзгеріп шығады.
Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрыныңәртістері үшін бүгін қос қуаныш. Кәсіби мереке өз алдына, іргелі өнер ордасына бүгін академиялық мәртебе берілді.
Еркін Жуасбек, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры:
Бұл үлгілі, ең озық театрларға берілетін мәртебе. Қазақстандағы осындай 5-6 театрдың қатарына косылып жатырмыз. Біз үшін тек қана мереке емес. Жеткен жетістігімізді, кетірген кемшілігімізді бағамдайтын, бір-бірімізді көтермелеп, қолпаштайтын жақсы мереке.
Театр жақсы пьесамен тыныс алады. Ал, мұндағы негізгі еңбекқор – актер. Режиссердің ой-қиялының орындаушысы да, оны көрерменге жеткізуші де актер. Сондықтан, үзбей ізденуді, тынбай еңбек етуді талап қылады бұл өнер. Сахна саңлақтары бүгін құрметке ие болды.
Халықаралық театр күні – бұл театр қайраткерлерінің кәсіби мерекесі ғана емес, күллі өнерсүйер қауымның мерекесі. Ұлы өнердің ұлықталар күні.
