Бүгін 10 қате өзгерді, ертең 1000 қате өзгереді
Толығырақ:http://rukhpentil.org/
«Рух пен тіл» жастар ұйымы мемлекеттік тілге қатысты заңдардың орындалуын өз бақылауларына алмақ. «Тіл сақшысы» атты жобасы аясында бүкіл Қазақстанда мемлекеттік тіл мәртбесін көтеріп, Қазақстанға мемлекеттік тілдегі атауларды қайтарып беруді мақсат етіп отыр. Сондай-ақ, жастар кеңестік ескерткіштер, атау-жазуларға тыйым салу керектігін де айтты. Жастардың бүгінгі ұйымдастырған баспасөз мәслихаты да осы мәселелерге арналды.
Осы жылдың маусым айынан басталған «Тіл сақшысы» жобасы кезінде Алматы қаласында ондаған мекеме, дүкен, жарнама, көше атаулары «Тілдер туралы», «Жарнама туралы» Заңдарында мемлекеттік тілге қатысты талаптарға сәйкес өзгертілген. Қараша айының өзінде ұйым жастары Көк базар, Ахмет Байтұрсынұлы, Абылай хан атындағы көшелерге арнайы рейд жасады. Соның нәтижесінде 250-ден астам атау, маңдайшалар мемлекеттік тілде жазылмағаны анықталды.
«Бұған әкімдіктің, Тілдерді дамыту басқармасының немқұрайлығы, бей-жай қарауы себеп. Рейд кезінде мемлекеттік тілде жазылмаған мекеме, дүкен иелері әкімдіктің, басқарамының ешуақытта келіп түсіндірмегенін айтады. Демек, мемлекеттік органдар еш жұмыс істемейді», -дейді ұйым белсендісі Берік Баратов. Баспасөз мәслихатында жастар қазіргі билік ауысқан жағдайында ғана, мемлекеттік тіл мәселесі шешілетінін айтты.
«Бізде мемлекеттік тілді дамыту үшін қаншама бағдарламалар, жобалар бар. Оған қыруар қаржылар да бөлінуде. Бірақ жағдай өзгермеді. Өйткені билік талап етіп отырған жоқ. Басты мәселе де осында. Бірақ біз қазір он жазу өзгертсек, енді жүз жазу өзгертеміз. Кейін мың, одан соң, оң мың…», – дейді жас белсенді Диас Бейсенбек.
Сонымен қатар, жастар 16 қараша күні Ғылым академиясы ғимаратының төбесіндегі кеңестік жазу мен нышандарды алып тастауы жөніндегі шағымына берілген жауаптарын БАҚ өкілдеріне таныстырып, министр жауабымен келіспейтіндерін мәлімдеді.
Осыған дейін де rukhpentil.org cайты «Бақытжан Жұмағұлов «Рух пен тіл» ұйымының шағымына жауап берді» деген атаумен мақала жариялаған еді. Онда министр кеңестік жазуларды архитектуралық ескерткіш ретінде бағалап, оның мемлекет қамқорлығында екені жазылған.
«Министр өз жауабында кеңестік жазулар мен нышандарды келшек үшін маңызды деп атайды. Алайда, жастар үшін бұл маңызды емес. Мұның маңызды емес екенін, Латвия, Литва, Польша, Эстония, Грузия, Молдовия сияқты мемлекеттер түсініп, сөйтіп коммунистік символикаларды қолдану мен пайдалануға тыйым салған. Біздің бүгін мемлекет болып отырғанымыз ата-бабамыздың арқасында. Ал сол ата-бабаларымызды қырып, ашаршылыққа ұшыратқан, репрессия жасатқан сол КСРО. Онда бізге ондай мұраның қандай қажеттілігі бар?», -дейді ұйым белсендісі Анар Әбілда.
Сондай-ақ жастар өз кезегінде болашақта Қазақстанның кеңестік жазулардан, атаулардан, ескерткіштерден арылып, мүлдем тыйым салу қажеттігіне назар аудартты. Және де Қазақстан кеңес заманының қалдықтарынсыз жаңа тарихты бастауы керек екенін айтты.
«Біз Қазақстанда бір ғана ұлт бар екенін мойындауымыз керек. Біздің мемлекет – ұлттық мемлекет. Елімізде тек қазақ ұлты ғана бар, ал қалғандары өзін ұлт деп санап жүргендер этностар мен диаспоралар. Қанша дегенмен, түптің түбінде мемлекеттік тіл басқа тілдерге қарағанда биік болуы тиіс», – дейді жастар.
Дегенмен де жастар қоғамдық бақылауды арттырып, атаулармен жарнамалардың, көшелердің мемлекеттік тілде жазылуын қадағалауды жалғастыратындарын мәлімдеді. Осы арқылы қоғам назарын мемлекеттік тіл саясатына аударғылары келеді.
rukhpentil.org
