«Қазпочта» АҚ қызметкерлері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиямен танысты

Ағымдағы жылғы 2 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, «Қазпочта» АҚ өңіріміздегі филиалының әкімшілік-басқару ұжымына дәріс өткізді.
Кездесуді ашқан аталмыш мекеменің директоры Е.Е. Нұрақаев, Қазпочта халыққа пошталық және қаржылық қызмет түрлерін толық көрсететін, елімізде 3200-ден астам бөлімшесі бар жалғыз ұлттық пошталық байланыс операторы екендігін мақтанышпен жеткізді.
Ал кәсіпкерлік қызметте әкімшілік тосқауылдарды жою үшін, жеке сектор мен ірі мемлекеттік компаниялардың бизнес-бастамаларын жүзеге асыруда әділ құқықтық жағдайды қалыптастыратын - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның қабылдану өзектілігі айрықша атап өтілді.

Департамент қызметкерлері өз кезегінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мақсаты мен міндеті, мемлекеттік басқару жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа төтеп беруге бағытталған іс-шаралар, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін мемлекеттік қызметтің мансаптық моделі мен еңбек төлемінің факторлық-балдық шәкілі және электронды үкімет артықшылығы мен көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру үшін қабылданатын шаралар туралы мағлұмат берді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамамен қарастырылған, жемқорлық құқық бұзушылықтарға жауапкершіліктің артуына және жастарды «нөлдік төзімділікке» тәрбиелеуде қоғам мен алдыңғы толқын өкілдерінің атқаратын рөліне ерекше көңіл бөлінді.
Тақырыпты тарқату барысында «Қазпочта» АҚ филиалының қызметкерлері халыққа қызмет көрсетуші ХҚКО жұмысына оң баға берді. Сонымен қатар, «Аксесс энерго» ЖШС жүгіну кезінде азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерінің еленбеу жайттарына назар аударуды өтінді.
Кездесу соңында жемқорлыққа қарсы бағытта түсірілген бейне роликтер көрсетіліп, кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғау және мәселелерді жедел шешу мақсатында құрылған Департаменттің интернет-ресурстары: «СҚО кәсіпкерлігін қорғау» веб-сайты және сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум-алаңы таныстырылды.
Пікір алмасу барысында пошта қызметкерлерінің ешбір сауалы ескерусіз қалмады.
