Қазақ жастары бәсекеге қабілетсіз бе?!
Бүгін Еуразиялық экономикалық комиссияның сайтын қарап отырып, тағы бір көңілге қаяу түсіретін жәйтке тап болдым. Ресей, Қазақстан және Беларусь мемлекеттерінің ортақ комиссиясына кадрлардың іріктелу процесін байқасаңыз (өткізілген конкурстардың нәтижелері), бағы жанған азаматтардың басым көпшілігі көршілес елден. Ресей Федерациясынан. Сайтта жарияланған конкурс нәтижелерінің қорытындылары арасында бірді-екілі қазақ азаматтарының аты-жөнін оқта-текте көз шалады.
http://www.eurasiancommission.org/ru/vacancy/results/Pages/default.aspx
Есеміз кетіп жүрген жоқ па?!
Негізінде, Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық аумақтың (БЭА) тұрақты реттеуші органы ретінде 2012 жылдың 2 ақпанында құрылған.
Комиссияның басты міндеті – Кеден одағы мен БЭА қызметі мен дамуын қамтамасыз ету, интеграцияны одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу. Былайша айтқанда, Комиссияның штаб-пәтері орналасқан Мәскеу үш елдің саясаты талқыланып, шешім жасалатын күлтөбеның басына айналып отыр.
Үш елдің саясаты дегенде, ол қаржы, бюджет, экономика, кеден, салық, монополияға қарсы саясат және тағы басқа әр ел үшін маңызды салалар. Хош, сонымен ұлттық ішкі экономикамызды ұлт үстінен үстірт қарайтын (наднациональный) Мәскеулік органға тапсырдық.
Әрине, ол жерде үш елден елші 3 министрден отыр. Бірақ, кейбір мәселелер сырт қалып кетуі ықтимал.
РФ, ҚР және БР арасындағы саясат осы комиссия қабырғаларында шешіледі. Егер елдің жағдайы мен шарттарын жіті білетін мамандар Мәскеуде орналасқан комиссия мүшелерінің арасында жүрмесе, Қазақстанның мүддесі қаншалықты қорғалатыны турасында заңды сұрақ туындайды. Интеграцияны нығайту және дамыту туралы ұсыныстар тек бір тараптан берілсе, қалған екі тараптың бұл ұсыныстарды мақұлдаудан басқа амал қалмасы анық.
Солай-ақ болсын. Бірақ өз мүддеміз бен ұлттық экономикамыз шешілетін орган құрамы неге тең дәрежеде белгіленбейді?!
Елімізде білікті, білімді мамандар барына еш күмән жоқ. Және конкурсқа құжаттарын тапсырып та жатыр ғой. Мәселе іріктеу процесінде болып тұрғаны. Комиссияның штаттық құрамы 300 бірлікті құраса, неге 100/100/100 адам болып бекітілмеске?!
Екінші мәселе, ол сайттың жұмысы тек орыс тілінде жүргізілетіндігі. Осы тұста ресми орыс тілін жетік білмейтін Қазақстан және Беларусь азаматтарының мүддесі тасада қалып отырған жоқ па? Қайсыбір ұлтаралық ұйым немесе одақ болмасын, одаққа мүше елдердің мүддесімен барынша санасады.
Мәселен, Еуроодақтың ресми сайты одаққа мүше 24 мемлекеттің тілінде бірдей ақпарат ұсынады.
Әрине, көш жүре түзеледі, Кеден одағының оңы мен бұрыстығын қазірдің өзінде сарапшылар жіктеп айта алмас. Бірақ әр шешімнің негізінде ең алдымен халық мүддесі ескерілуі қажет екені айқын.
Ал үш басты бір қазанға біріктірудің стратегиялық миссиясының маңыздылығы мен нәтижелерін сараптау, әрине уақыт еншісінде. Тек есеміз кетпесе игі!
