Қазақ жастар баспасөзінің тарихы
Біз қазіргі таңда бабаларымыз қасық қаны қалғанша аянбай күресіп, аңсап кеткен тәуелсіз, байтақ елдің ұрпақтарымыз. Халқымыздың тарихына үңіле қарасақ сан жыл бойы талай қасірет шегіп, мехнат тартып қиналғандарын көре де, байқай да аламыз. «Тарихты білмей өткенді, қазіргі жағдайды білу, болшақты болжау қиын» - демекші біздің, яғни болшақ журналисттер атанумыз үшін өз тарихымызды жетік меңгергеніміз жөн. Әсіресе, өз мамандығымызға өте қажет тарихи басылымдарды біліп, ақпараттық қорымызды дамытуымыз қажет.
М. Дулатовтың «Әр жұрттың, әр мемлекеттің мәдениет майданында ілгері-кейінгінің қатасыз бір өлшеушісі – баспасөз болады. Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті, өзі де өнерлі екендігі көрінеді», - деген сөзі бар. Осы орайда, өзіміздің тарихи басылымдарға, оның ішінде жастар басылымдарына, яғни «Жас Азамат» газетіне тоқталсақ.
Өзіміз білетін, мектеп кездерінен-ақ танысқан, ең негізгі «Қазақ» газетінің бағытын қарапайым қазаққа жеткізіп, бағыт-бағдарын көрсете білген газеттердің ішінде «Жас азамат» атты басылымды ерекше атауымызға болады. Бұл жаңа басылым ұлттың тәуелсіздігін жоқтап, отаршылдыққа қарсы тұрған қазақ жастарының тұңғыш қоғамдық - саяси газеті. Бұл газеттің алғашқы саны 1918 жылдың 30 шілдесінде Қызылжарда жарық көрген. Редакторы: Қошмұхамед Кемеңгерұлы еді.
Тарихшы ғалым Н. Шаяхметов осы «Жас азамат» ұйымының құрылуы және басылымы жөнінде былай деп жазған екен: «І-ші жастар съезі нәтижесінде барлық Алаш жолындағы қазақ жастарын бір тәртіппен іс-әрекет жүргізу талабында біріктірілген «Жас азамат» жастар ұйымы дүниеге келуі және осы жастар қауымдастығының үні «Жас азамат» газетінің идеологиялық, мәдени-ағарту салаларына жаңа қарқын берді, жаңа леп әкелді. Жастар съезде көкейтесті мәселелерді күн тәртібіне қоя отырып, оны шешу талабындағы рухани ізденістерді қазақ жастарының саяси ой-жүйесінің өскендігін, әрекетшілдігін, ынтымағының артқанын көрсетіп берді. Қазақ жастарының «Жас азамат» ұйымының төңірегіне ынтымақтасуы жастар қозғалысының үлкен белесі, жаңа сапалық деңгейге көтерілгенінің айқын дәлелі ретінде қабылдауға тиіспіз. Ал, «Жас азаматтың» алтын идеялы әулие мақсұты, негізгі жолы – ұлт бостандығы, ұлт теңдігі» еді. Осы «алтын идеалды» баянды ету жолында қазақ жастары өздерінің халық алдындағы, ұлт болашағы үшін жауапкершілігін терең сезінді».[1]
Иә, расыменде «Жас Азамат» газетінің түпкі ойы тәуелсіздік, бостандық еді. Дегенмен, С. Сәдуақасов «Трудовая Сибирь» журналына жарияланған мақаласында жастар басылымдарының ішінде алдымен «Жас азамат» газетін атайды, оны «орган младокиргизов» дейді. Яғни «жас қазақтар үні» (немесе «жас алашшылар үні») екендігін ерекше атап көрсетеді. Газет өзінің сипаты жағынан саяси–қоғамдық, экономикалық басылым болып табылады - дейді.[1] Бұдан біз газеттің сасаят жайлы көптеп жазғанын аңғара аламыз. Тіпті, оған мысал ретінде большевиктердің іс - қимылы, қарапайым халықпен екі арадағы қарым - қатынас туралы Байділдә Мырзаұлы мен Ғабділдә Найзабекұлы өздерінің «Бұны не дейміз?» атты мақаласында: «Жетісу жағында большевиктер қазақ болсын, қазақ - орыс болсын қойдай қырып, қанын судай ағызып жатыр, ең жақын Биіскіде емшектегі нәрестелерді мылтықтың ұшына шаншып, қанын ағызып жатқанда, біз қасымыздағы большевиктерді еркелетіп отырған жөніміз қалай?...», - деп халыққа сұрау салып, саясат жайлы айтылғандығы көрсетіледі.
Ал дәл осы жастар баспасының бастауы бола білген газеттің шығарушысы, негізгі рөлді атқарған «Жас Азамат» ұйымын атамай кетсек болмас. Біріккен «Жас азамат» ұйымының төрағалығын Мырзаұлы атқарып, ал С. Сәдуақасұлы, М. Сейітұлы, Т.Досымбекқызы, Ә. Бәйділдәұлы сынды зиялылар мүше болған. Ал, «Жас азамат» ұйымының нені мақсат қылғандығын, қандай жұмыстарды атқарғандықтарын газеттің 11 санында: «Әзірге комитеттің істеген жұмыстары: 1. «Жас азамат» газетінің аяққа басуына себепкер болды; 2. Земствомен бірігіп Ақмола облысына қараған мұғалім-учительдер съезінің шақырылуына күш береді; 3. Омбыда екі айлық һәм екі жылдық курстардың ашылуына себепкер болды; 4. Бұл күнде Кіндік Комитет кітапхана ашуға қам қылып жатыр.[1] Бұдан біз, бұл ұйымның газеттен басқа бірнеше шаруаларға араласып, түйіткілді, өзекті деген мәселелерді шешкенін көре аламыз.
Сонымен қатар газетке қазақ зиялылары М. Дулатов, М. Жұмабаев, Қ. Кемеңгеров, Б. Ержанов түрлі тақырыптарда мақалар жазды. Алаш қозғалысының барысы жайында да материалдар жарияланды. Сонымен қатар газетке жер мәселесіне, отаршылдық саясатына арналған мақалалар да басылды. Газетке шыққан түрлі жанрдағы материалдар сол кездегі ащы шындықты айқын көрсетуімен қатар, жастарды теңсіздік жолындағы күреске шақырады, сол жолда өз бағыттарын табуды көрсетеді. Газеттің соңғы саны 1919 жылы 3 ақпанда жарық көреді.
Міне, бұл газет қазақ баспасөзінің, оның ішінде жастар басылымының, біздерге нағыз үлгі бола алатынының айғағы. «Жас Азамат» газетінің тарихы тым ұзақ болмаса да, көп нәрсені үйренуімізге, үлгі алуымызға болады. Қазіргі жастардың осындай газет шығарар күйі бар, әрине. Бірақ, біздің жастар ол үшін көп оқып, жалқаулық атаулыдан құтылуы қажет, сонда ғана жетістікке жетуге болады. «Жас Азамат» бастаған жастар басылымдарын одан әрі дамыту өз қолымызда. Олай болса, барынша алға ұмтылғанымыз өзімізге жақсы болмақ.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. [1] Бимақанова Зылыйха Шахметқызы, Қазақ жастары мерзімді баспасөзінің тарихы (XX ғасырдың басы - 1940 жж.), Алматы, 2010 жыл.
