Қазақы блогтұғыр - Qazaqblogger.com
Ия, дәл қазір орыстілділер арасында ЖЖ-ның жабылып қалғаны туралы мәселе күн тәртібінде тұр. Ал бұдан сәл ғана бұрын Wordpress-тің қазақы секторы дәл осы Астананың "айтишник" Сарыарқа соты тарапынан "тарс" етіп жабылған болатын. Сол кезде орысша жазатындар шынын айтқанда "мыңқ" еткен жоқ. Жағдай түсінікті, біздің елдегі қазақ блогшыларының көбі (Асхат Еркімбайдың айтуынша 500-ге жуық) сол уордпресті пайдаланады екен. Демек "ҚазНеттің қазақ секторының өзіне ортақ бір блог-платформа қажет" деген сөз. Бір жағынан осындай бір себеппен, бір жағынан уордпресте блогтары жабылып қалған блоггерлердің сенделіп кеткенін көрген соң, ойыма блогтұғыр ашу келген етін. Ешқашан ондай жүйе жасап көрмесем де тәуекелдің арқасында көп ұзамай "Қазақы блогтұғыр - Qazaqblogger.com" деп аталатын платформа аштым. Расы керек, дәл сол мезетте Аршат ағамыз да (Оразов) "Қазжур"-ды ашып үлгерді. Мен ол жағдайдан бейхабар болдым, білсем бәлкім қабаттаспас та едім. Бірақ, "мәселе доменде ғой" деген оймен жұмысымды ары қарай жалғастыруға тура келді. Дәл қазір менің платформамда тұтынушылар саны шектеулі. Оның үстіне өзімнің жеке жобаларым басымнан асып кетті де әу бастағы белсенділік біраз саябырсып қалғаны жасырын емес. Алайда жақсы бір бастаманы одан әрі алып жүруге өзімді жігерлендіре отырып, сіздерді құлағдар етемін:) "Қазақы блогтұғыр"-дың есігі сіздерге әрдайым ашық!
