Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

“ Қазақтың ұлы тұлғаларын сомдауды маңдайыма жазыпты ”

Актёр болу бала кезгі арманыңыз ба?

-Бала кездегі арманым емес. Бірақ, мектепте оқып жүргенде ән айтып, сахнаға шығып, көріністер ойнап жүретінмін.

Ұстаздарымның өнерге келуіме көп көмегі тиді. Ата-анам өнерге жақын болған соң шығар, бойымнан бір талантты көрді ме екен, музыка мұғалімі мен сынып жетекшім өнерге баулыды. Кейін 11 сынып бітіргеннен кейін әкемнің қалауымен осы салаға келдім. Негізі әскери адам болуды армандаған едім.

Сізді халық театрдағы рөлдеріңіз арқылы жақсы таниды. Жаныңызға ең жақын қай образ?

-Бөліп жарып айта алмаймын. Себебі барлық рөл үлкен дайындықты қажет етеді. Мысалы: Ақан Сері, Қодар, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин сияқты басты рөлдердің әрқайсысы өзінше ерекше. Барлығына уақыт бөліп, сол образды өзгеше жасауға тырыстым.Барлығы мен үшін ыстық.

Сіз дубляж саласында да еңбек еттіңіз. Дубляж жасау оңай ма әлде сахнада өнер көрсету оңай ма?

-Әр жұмыстың қиындығы болады. Тоқтарбек Қамшыбай сияқты ағалардың еңбегімен осы саланы бастап кеттім. Сахнаның талаптары сияқты дубляж жасау да үлкен еңбек пен қажыр қайратты талап етеді.

Түрлі образда боласыз, өмірде қандайсыз?

Өмірде білмеймін. Қарапайым ғана қазақтың баласымын. Атаққа болмаса, сондай бір керемет болуға талпынбаймын. Атақтың қажеті жоқ, маған қазіргі болып жатқан процесс қызығырақ. Мен өзім жайлы айта алмайды екенмін. Мен туралы біреу айтқан дұрыс шығар

Сомдауға құштар болған, алайда бұйырмай кеткен рөлдер бар ма?

-Мен студент болып жүргенде ұстазымыз бізге осы сұрақты қойып еді. Балалар Гамлетті, Шекспирдің шығармаларынан рөлдер ойнасақ деп жатты. Сол кезде мен қазақтан шыққан ақын, батыр тұлғаларды ойнасам маған жетеді-ау осы дедім. Дәл осы сөзім қазіргі өміріме әсер етіп жатыр. Расында да қазақтың ұлы тұлғаларын сомдауды маңдайыма жазыпты.

Сахнаға шыққанда кейіпкер сөзін ұмытып қалу немесе сөзді ойыңыздан құрастырылып жіберген қызықты сәттер болса, солармен бөлісе отырсаңыз?

- Жоқ, мен сөзімді ұмытпайтын актермін. Шынымды айтайын осы уақытқа дейін сөзді ұмытып қалып, сахнаға дайындықсыз шыққан кездерім болған жоқ. Өйткені бізді оқытқан кезде ұстаздарым айтатын: “Сахнаға дайын келу керек” ,- деп. Әр рөлге, әр спектакльге жауапкершілікпен қарап, дайын келуге тырысамын. Осы уақытқа дейін ыңғайсыз жағдайға қалып көрмеппін. Аллаға шүкір бәрі жақсы келе жатыр.

Сіз сияқты актер болып, сахнада өнер көрсетуді армандайтын жас актерларға қандай кеңес бересіз?

- Мен олардың барлығына былай айтар едім: өнер саласын таңдаса, менен де мықты болса екен. Біз қолымыздан келгенше өнер көрсетіп жүрміз. Кейінгі жастарға неге шетелде оқымасқа? Неге Голливудта , Москвада оқымасқа. Қазіргі елде жүрген қаншама үлкен ағаларымыздан, апайларымыздан бастап соның ішінде өзімде бармын, қолымыздан келгенше жұмыс жасап жатырмыз. Ал болашақта осы салаға келер жастар оданда жоғары биіктерден көрінсе екен деймін.Өйткені біздің елімізде, жалпы қоғамда өнер жағынан болсын, басқа жағынан болсын мүмкіндіктер бар. Қазір заман біз оқып жүрген кездегідей емес. Алматыда оқыдың не, Москвада оқығаның не бірдей-ақ. Петербургте не болмаса Англияда оқы. Екеуінің айырмашылығы жоқ. Сондықтан көп білім алса екен деймін. Жастар өсуі керек, тәжірибе алмасу керек.

Жастар театрға бармайды деген пікір қалыптасқан сіздің ойыңызша қалай ?

-Жоқ мен олай айта алмаймын. Өйткені біздің таетрымыздың басым көпшілігі яғни 80-90% пайызы жастар. Театрымыз жастар және жасөспірімдер театры болғандықтан ба, әлде біздің көрермендерге ұсынатын спектакльдердің басым бөлігі сондай болғаннан кейін бе, бізге жастар жағы келеді. Үлкен кісілерді аз көреміз. Мен өзім сахнаға көп шығам, көп ойнаймын сонда мен жастарды көріп қуанамын. Ал енді басқа театрларда қалай екенін білмеймін. Ол театрдың репертуарына, саясатына байланысты. Барлық көрермендерді театрға шақырамын!

0
0
342

Осы тақырып бойынша