Қазақстанның ТҮКШ саласы энергия үнемдеуді қажет етеді – ҚР ИДМ
Қазақстанның тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласы елдің ең ысырапшыл энергия секторларының бірі болып табылады, деді Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау баспасөз мәслихатында.
Баршаға мәлім, бүгінде Қазақстандағы негізгі энергия тұтыну үлесі немесе 50 пайызы индустриялды кешенге, 30 пайызы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласына және 20 пайыз көлік саласына тиесілі.
Осыған байланысты, вице-министр әркім өз саласына жауап беру қажеттігін және әр сала өзінде энергия тұтынуды азайтуы қажеттігін ескертті.
«Индустриялар және даму министрлігі үшін – бұл өнеркәсіп, әр облыстың өзінің энергия үнемдеу жоспары болуы қажет, сондықтан да әкімдер өздерінің бюджеттік мекемелері мен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық салалары үшін жауап берулері керек. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласы өте ысырапшыл, онда үлкен резервтер бар. Бұл сала бірінші кезекте тұрғындар үшін өте сезімтал. Менің 10 жыл әкім ретіндегі тәжірибемде жөндеу мен жаңғырту жұмыстарын жүргізуге байланысты жоспарларым болған»,-деді Альберт Рау.
Бұған қоса, ол мемлекеттік энергиятасымалдаушылар бағасының өсімін әрдайым автоматты түрде тұрғындардың мойындарына сала беруге болмайтындығын атап өтті.
«Кеше біз энергияны үнемдеу бойынша «Рива» германиялық компаниямен келіссөз өткіздік, бұл компанияның миллиардтаған (еуромен) айналымы бар, ол қазкомпанияны жаңғыртуға қызығушылық танытып отыр. Оларда арзан несиелік ресурстар бар және олар біз сияқты бірінші кезекте өндіріске қызығушылық танытып отыр», - деді Альберт Рау.
Ол атап өткендей, Қазақстанның электр энергияны ең көп тұтынатын секторы өндіріс, онда ең көп резервтер бар.
«ҚР Президентінің 2020 жылға қарай энергияны тұтыну көлемін 25%-ға, 2050 жылға қарай 50%-ға қысқарту тапсырмасы біздің стратегиялық міндетіміз. Бүгінде энергияны үнемдеу бойынша ҚТЖ бағдарламасы ең үздігі, олардың энергоаудит бойынша нәтижелері өте жақсы», - деп толықтырды Альберт Рау.
Вице-министр атап өткендей, ҚР-ның көлік пен өндірісте энергияның үлкен резервтері бар. Оның айтуынша, Ұлт жоспары аясында 59 қадамның шаралары жүзеге асырылуда.
Естеріңізге сала кетейік, Елбасы ұсынған үшінші институционалды реформада энергияны үнемдеу саласына стратегиялық инвесторларды тарту аталып өтілген.
