Мазмұнға өту
Обложка сообщества Әртүрлi

Қазақстанның Халық әртісі Досхан Жолжақсынов «Шалқар» студиясында қонақта

ҚР Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер Досхан Жолжақсынов өткен аптада «Шалқар» ұлттық радиосының «Өнер алаңы» хабарында қонақта болып, сұхбат берді.

Хабарды мына сілтеме арқылы өтіп, тыңдай аласыздар.

«Бүгінгі көрерменге ұсынып жатқан дүниелерім - осы уақытқа дейін қалыптасқан өнерге деген түсінігім мен пайымымның көрінісі. «Сахнада актерлердің шеберлігінен гөрі алдымен оның батылдығы маңызды» деген бар. Сол батылдық менің қозғаушы күштерімнің бірі ретінде режиссураға әкелді. Мен қолымнен не келіп, не келмейтінін жақсы білемін. Мәселе - нәтижеде», дейді өнер иесі.

Режиссердің жақында ғана ұсынған «Құнанбай» фильмінің көп бөлігі Қодар мен Қамқа арасындағы оқиғаға арналып кеткен жоқ па? Туындыда олардың арасындағы қарым-қатынасты бірнеше рет айқындау қаншалықты қажет болды? Фильмдегі бұйда шешу дәстүрі туралы актер не дейді? Сұхбат барысында осы сауалдардың жауабын біле аласыздар. Сонымен қатар, Сағи Жиенбаевтың сөзіне жазылған «Ауыл қарттары» әнін тыңдай аласыздар.

Хабар соңында Досхан Жолжақсынов «Шалқар» радиосы иісі қазақтың айдары мен айбары іспеттес. Халқымыздың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүрген ұлттық радионың үні әр қазақтың жүрегіне жете берсін!» деген тілегін білдірді.

Хабарды Толқын Сұлтанова жүргізді.

Еске сала кетейік, өткен айда қазақтың ұлы ақыны Абайдың әкесі – Құнанбай туралы көркем фильмнің тұсаукесері өткен болатын. Фильм алдымен Семей, артынша Астана және Алматы қалаларында қалың көпшілікке таныстырылды.

Туындыда Құнанбайдың тек жеке басы ғана емес, сонымен қатар, сол замандағы қазақ қоғамының шынайы келбеті мол көрініс тапқан. Тарихи драма жанрында түсірілген фильмнің ұзақтығы бір сағат қырық минутты құрайды. Бір ай он сегіз күнге созылған түсірілім кезінде бес жүзге жуық киіз үй тігіліп, 450 миллион теңге қаржы жұмсалды.

0
0
997

Осы тақырып бойынша

Қазақстанның Халық әртісі Досхан Жолжақсынов «Шалқар» студиясында қонақта - Yvision.kz