Қазақстанның халықаралық бiлiм олимпиадаларында жетiстiктерi
Мектеп оқушылары арасындағы халықаралық пәндiк бiлiм олимпиадасы жыл сайын жаз айларында өтедi. Оларға әр мемлекеттен республикалық олимпиада кезеңiнде таңдалған 4-6 ең үздiк оқушылар қатысады. Олимпиада мақсаты - оқушылардың iшiнен дарынды балаларды iздеп табу және әртүрлi мемлекеттердiң бiлiм беру жүйелерiн салыстыру. Сонымен қатар ол мектеп оқушыларының химия, физика, биология және математика секiлдi пәндерге қызығушылықтарын арттырып, жеңiмпаздарға әлемдегi үздiк оқу орындарына түсуге мүмкiншiлiк бередi.
Жалпы алғанда Қазақстанның көрсеткiштерi жоғары деңгейде. Бұл болашаққа деген үмiт бередi, өйткенi кезiнде осы олимпиадаларға қатысқан және жүлделi орын алған балалардың көпшiлiгi кәзiргi таңда жоғары бiлiмдерiн алып ғылыммен айналысуда. Кейiн Қазақстанға оралып, елiмiздiң ғылыми капиталын құрастырады. Қазақстанның алғашқы Нобель лауреаты да олардың iшiнен шығуы әбден мүмкiн. Халықаралық олимпиада жеңiмпаздарының тiзiмi интернетте бар. Олардың барлығын бiр жерге жинап, кейiн мүмкiн басқа да мәлiметтермен толықтыру мақсатымен интернет парақшасын аштым. Ол жерде Қазақстанның химия, физика, биология және математика пәндерiнен жетiстiктерiн көруiңiзге болады.
Тағы қуантатын жәйт, бiздiң өкiмет тек азиада және спорттық олимпиадаларға ғана емес, осы бiлiм олимпиадаларына да үлкен көңiл бөледi. 2010 жылында 51-шi халықаралық математикалық олимпиада (IMO) Қазақстанда, Астана қаласында өттi. Биылғы жаз 45-шi халықаралық физикалық олимпиада (IPhO) және келесi жылы халықаралық информатика олимпиадасы (IOI) Астана қаласында өтетiн болады.
Өкiнiшке орай бұндай сайыстарға спорт сайыстарына сияқты жұрт көп көңiл бөлмейдi. Бiр жағынан түсiнуге де болады (көп экшн жоқ), бiрақ бiлiм олимпиада жеңiмпаздары үшiн де (интернетте, туиттерде) қуану керек, сол кезде ол жастарға қызықты болып көрiнедi. Осы жерде айтқым келген бiр өтiнiш, ол, Астанада биылғы жылы өтетiн IPhO және келесi жылы болатын IOI жарыстар туралы интернетте көпшiлiкке танымал voxpopuli ұжымы фото репортаж iстесе. Өте қызықты әрi пайдалы болатынына сенiмдiмiн.
