Қазақстанда жекешелендіру аясында 190 нысан сатылды– Қаржы министрлігі
Қазақстанда биылғы жылдың 31-шілдесіндегі мәліметтер бойынша, жекешелендіру жұмыстарының аясында 190 нысан сатылып кетті, деп хабарлады ҚР Қаржы министрлігі.
Хабарлама мәліметтері бойынша, 2014-2015 жылдарды қамтитын жекешелендірудің кешенді бағдарламасы бойынша 493 нысан сатуға және нысанды кейін сатып алу үшін сенімді басқаруға беруге жоспарланған.
«2014 жылдың маусымы мен 2015 жылдың шілдесі аралығында 382 нысан жекешелендіруге жататын болған. 2015 жылдың 31 шілдесіне дейін іс жүзінде 351 нысан сатуға шығарылып, олардың 190-ы сатылған, 1-уі кейін сатып алу үшін сенімді басқаруға берілген. Олардың арасында республикалық меншіктен 10 нысан, коммуналдық меншіктен 84 нысан, ӘКК-нан 56 нысан, холдингтердің меншігінен 42 нысан сатылды»,-делінген хабарламада.
Бұл ретте, сатудан түскен жалпы қаржының көлемі: республикалық меншік бойынша 2 730 млн теңгені, коммуналдық меншік бойынша 1 277 млн теңгені, Холдингтер бойынша 60 835 млн және ӘКК бойынша 2 917 млн теңгені құрады.
Бағдарламаны жүзеге асыру алдымен экономикадағы мемлекеттің қатысуын азайтып, жеке меншік сектордың үлесін арттыру арқылы оның негізін нығайта түсуді көздейді. Жекешелендіру – экономиканы мемлекет иелігінен алу процесінің бір бөлігі болып табылады. Жекешелендіру өндірістік-дирактивті реттеу басымдылығынан оны нарықтық механизм негізінде реттеуге көшуді ұсынады. 1991 жылдан бастап, Қазақстан Республикасы Ата Заңы тұңғыш рет жеке меншік құқығын анықтады. Сол жылдары жекешелендіру мен мемлекет иелігінен алудың алғашқы шаралары қолданылған болатын. Оның басты мақсаты – мемлекеттік меншікті меншіктің басқа нысандарына айналдыру, нарықтық экономикаға көшуге мүмкіндік беретін жағдай туғызу болып табылады. Жекешелендірудің алғашқы толқыны 90-жылдары ел басшылығымен нарықтық экономика негізін құру мақстаында жүргізілді. Дегенмен, бірқатар кәсіпорындар мемлекеттің иелігінде қалды.
Бүгінгі таңдағы жекешелендіру толқыны нарықтық экономика негізін нығайту мақсатында жүргізіліп отыр. Бұл бағдарламаның басты идеясы – еліміздегі жеке бизнесті ары қарай дамытуға күш беру болып табылады.
Сонымен бірге, бұған дейінгі жекешелендіру бағдарламасына қарағанда бүгінгі таңдағы компания технологиялардың дамуына орай, айқындылық, ашықтық және компанияның сатылымына шығарылатын мемлекеттік меншік/акциялар үлесін сатып алу процесіне көптеген тұлғалардың қызығушылық танытуының үлкен деңгейімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
