Қазақстанда «Денсаулық жолы — 2015» акциясы жалғасуда
1 шілде мен 31 тамыз аралығында елімізде «Денсаулық жолы-2015» кең көлемдегі акциясы өтетіндігі туралы хабарланған болатын. Осы ретте еліміздің өңірлерінде «Денсаулық жолы-2015» акциясы өтіп жатыр. Оның мақсаты – ауыл халқына салауатты өмір салтын қалыптастыру және әлеуметтік-маңызды аурулардың алдын алу мәселелерінде ақпараттық-білім беру және практикалық көмек көрсету болмақ.
«Денсаулық жолы - 2015» республикалық акциясының аясында жылжымалы медицина кешендері Маңғыстау мен Қызылорда облыстарының шалғай жатқан аймақтарына шығады, ондағы тұрғындар скринингтік тексерулерден тегін өтіп, әлеуметтік жағынан өзекті саналатын аурулар бойынша медициналық көмек алады, деп хабарлайды Денсаулық сақтау және әлеуметтік бағдарламалар министрлігінің баспасөз қызметі.

Аймақтарға шығатын жедел топтар құрамында окулист, офтальмолог, терапевт, пульмонолог, педиатр мен кардиологтар болады.
Маңғыстау облысында Маңғыстау, Бейнеу аудандарында, ал Қызылорда облысында Қармақшы, Қазалы және Шиелі аудандарында болу жоспарланып отыр. Жылжымалы медициналық кешендер Маңғыстау облысының Мұнайлы және Бейнеу аудандарындағы шалғай ауылдарға шығады, онда тұрғындар тегін скринингтік қараудан өтеді және әлеуметтік-маңызды аурулар бойынша медициналық көмек алады.
Құрамында терапевтер, кардиологтар, хирургтер, педиатрлар, гинекологтар, офтальмологтар, стоматологтар және зертханалық-диагностикалық қызмет (УДЗ, ЭКГ, рентген) мамандары бар ұтқыр топтың Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданына шығуы ұйымдастырылады.
Астана қаласының Көктал ауылының тұрғындары үшін арнайы мамандар бригадасы шығып, тұрғындарға әлеуметтік жағынан өзекті болып табылатын аурулардың тәуекел факторларын ерте бастан анықтау үшін консультативті көмек көрсетіп, одан әрі диспансерлік бақылау жүргізеді.
Алматы қаласының медициналық мекемелерінің мамандары акция аясында «Алатау», «Байсат», «Болашақ», «Құлагер», «Д-маркет», «Барлық» және «Достар коммерц» әмбебап базарларындағы халыққа ақпараттық-консультациялық көмек көрсетіп, зертханалық-диагносткалық тексеру жүргізеді.
Естеріңізге сала кетейік, республика бойынша «Денсаулық жолы-2015» акциясы жүріп жатыр. Оның мақсаты ауылдық аймақ тұрғындарына салауатты өмір салтын қалыптастыру мен әлеуметтік жағынан өзекті аурулардың алдын алу мақсатында ақпараттық-білім беру және тәжірибелік көмек көрсету болып табылады.
