Қазақстанда алғашқы көмек мейіргерлерін дайындауда финдік тәжірибе қолданылады
Бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова ҚР Парламенті Сенатының депутаттарына 2016-2019 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасын ұсынуда Қазақстанда алғашқы көмек мейіргерлерін дайындауда финдік тәжірибе қолданылатындығын айтты.
«Медициналық және мейіргерлік білім беруді ары қарай дамыту клиникалық тәжірибе, медициналық білім беру және ғылыми қызметтің ұштұғырлығын қарастырады. Аталған мақсатта медициналық қызметтер мен кадрларды дайындаудың толық кезеңі қағидасымен ғылыми ұйымдардың, медициналық ЖОО-ның, стационарлық және амбулаторлық ұйымдардың функционалды (концорциумдар) және ұйымдастырушылық (холдингтер) бірлестіктерінің негізінде интеграцияланған академиялық медициналық орталықтарды (университеттік клиникаларды) дамыту тұжырымдамасын жасау жоспарланып отыр», - деді Т.Дүйсенова.
Жаңа клиникалық базалар мен университеттік клиникаларды құру жетекші халықаралық медициналық университеттер және ұйымдармен серіктестік негізінде жүзеге асырылады. Академиялық үрдістерге жетекші шетел мамандары, ғалымдар мен оқытушыларды тарту тәжірибесі кең көлемде қолданылатын болады.
"Түлектердің теориялық білім деңгейі мен тәжірибелік машықтарын бағалау мақсатында кәсіби стандарттар мен үздік халықаралық тәжірибеге негізделген құзіреттілікті тәуелсіз бағалау жүйесі енгізілетін болады", - деді министр.
Қазақстанда медициналық мамандарды халықтың науқастану деңгейіне байланысты дайындау жоспарлануда, деп хабарлады ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын Сенатта таныстыру барысында.
Оның айтуынша, бағдарламада адам ресурстарын дамыту бағдарламасы бойынша ортақ саясатты жасақтау және жүзеге асыру қарастырылған.
«Маман тапшылығын болжау және жоспарлау жүйесін жетілдіруді қарастырып отырмыз. Яғни, маманға деген қажеттілік халықтың ауруға шалдығу деңгейіне, жас құрылымына, демографиялық өзгерістерге сәйкес анықталатын болады», - деді министр.
Т.Дүйсенова хабарлағандай, бүгінде Қазақстанда сұраныс ескерілместен үлкен дәрігерлер көлемі дайындалған.
«Сондықтанда алдағы бес жылда бұл мәселеге үлкен назар аударылады», - деп түйді министр.
