«Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы бойынша
2014 жылы 12-қыркүйекте Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Шойкин Ғалым Нұрмағанбетұлы Қызылорда облысы әкімдігінің Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды орындау бойынша ұйымдастырып отырған идеологиялық жиынға қатысу үшін Қызылорда қаласына келді.
Сол күні Дін істері комитетінің төрағасы Ғ.Н.Шойкин Қызылорда қаласындағы облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің тыныс-тіршілігімен танысты. Облыстық мешіттің бас имамы Омаров Талғат келген қонақты мешіт қызметімен таныстырып, өңірдегі исламдық кеңістіктегі діни ахуал туралы әңгімелеп берді.
Ғ. Шойкин осыдан соң Қызылорда қаласындағы жергілікті православие шіркеуінде болды. Шіркеу өкілі В.Иванишин Дін істері комитетінің Төрағасын шіркеудің тыныс-тіршілігімен таныстырып, іске асырып отырған жұмыстары туралы хабардар етті.
2014 жылғы 12-қыркүйекте сағат 18.00-де Дін істері комитетінің төрағасы Ғ.Шойкин облыстық Дін істері басқармасының және оның жанындағы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» жұмысымен танысты. Ол осыдан соң Дін істері басқармасы қызметкерлері мен орталық мамандарының қатысуымен өткізілген «Дін саласындағы мемлекеттік саясат» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысып, дін мәселелерін түсіндіруге бағытталған ақпараттық-насихат топтарының жұмыстарын ұйымдастыру және олардың жұмыстарындағы идеологиялық басымдықтар туралы баяндама жасады.
